Сен Жезқазғансың,
Мен сөз қазғанмын.
Өтіп жатыр өзіңмен бірге менің
Өз көктемім,
Өз күзім,
Өз жаздарым.
Рас, рас, байқамай байлығыңды,
Талай ғасыр мен сенен көз жазғанмын.
Мен жыр кенімін,
Сен мыс кенісің.
Мынау ұлы ғасырда үстем ісің.
Сен төрт есе вахтада тұрсың бүгін
Қаражал,
Жәйрем,
Тіпті, Успен үшін.
Мен сөз кенімін,
Сен жез кенісің.
Құтты болсын жаңалық, өзгерісің.
Геологтар киелі тамыршыдай
Жер байлығын тап басып сезгені шын.
***
Жезге ұқсайды сары ала таңы, сірә…
Жезге ұқсайды қ
ынай бел, қамысы да.
Мынау дала мың мәрте ырза шығар
Қасиетті перзенті – Қанышына.
Жез өзендер толқынын қозғап ақты,
Көрдім талай топтардан озған атты.
Бұл өлкеде жүйріктер жеткілікті
Жез омырау,
Жез табан,
Жез қанатты.
Адам болса егер де ән ұғарлық,
Оны осынау өлкеден таныған жұрт.
…Жез далада жүйткиді жезкиіктер
Жез жусанға тұяғын малып алып.
Бұл өлкенің жезге ұқсап батқан күні,
Жезге ұқсайды жайқалып жатқан гүлі.
Жезге ұқсайды аспан да,
Асқар тау да,
Деме, досым, әншейін мақтан мұны.
Бұл өлкеде жез кірпік дән өседі,
Бұл өлкеде жез таңдай ән еседі.
Бұл өлкенің байлығы жетер еді-ау,
Жезбен қаптап қойса да дала сені!..
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ