Жүректің бас ұрғандай әміріне,
Ғашықпын табынғандай тәңіріге.
Зуылдап бара жатыр өмір шіркін,
Тоқтамай дегеніңе «әне-міне».
Қойдың да мені өзіңе ғашық қылып,
Қол жетпес арманыма асықтырып.
Тағатсыз бір тірлікке душар еттің,
Көңілімнің күмбезіне басып кіріп.
Жүрген жан мен емеспін сағым қуып,
Адамдық қасиетіңе табындырып.
Жүректі ақылыңмен байлап-матап,
Барасың бірте-бірте бағындырып.
Сені ойласам,
Еріксіз елегізіп,
Жүрек тулап, бой қунап, дене қызып,
Айдын шалқар төсінде
Ақ желкенді –
Бара жатқан секілді кеме жүзіп.
Көздің сұғын саламын сол кемеге,
Алабұртып көңілім әлденеге.
Бір сүйкімді қыз болып, қолға ілікпей
Баяғыдай қымсынып, бәлдене ме?
Маған шәрбат секілді сенің мұңың,
Сені сүйіп-құшқанға сенімдімін.
Шалдықтырып салқынға алмайын деп,
Аялаумен келемін көңіл гүлін.
Біз шықпаған асқар тау, тың қалар ма?
«Өлген өгіз, жоқ әзір сынған арба!»
…Құшаққа алып, пейіштің шарабындай
Көз жасыңды жұтатын күн болар ма?!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ