Алтын шуақ маңайың

Алтын шуақ маңайың,
Жұтайын да, қанайын.
Бал татыршы тіліңнен
Өртенейін, жанайын.
Жан сырымды біл, жаным,
Болайын ба құрбаның.
Айдын көлдің қуы бар,
Ақ бұлақтың шуы бар.
Дерт боп кірген денеме
Махаббаттың уы бар.
Рахатым – сол уым,
Мүмкін емес өлуім!
Таудың биік шыңында
Қолға түспей елік тұр.
Шыққыр көзім, шынында,
Не сұмдықты көріп тұр?
Қар жауғандай қабағым,
Көнбей қойды ерікке.
…Бір сұр мерген садағын
Ұмсынып тұр елікке.
Сүйді ме шын жүрекпен,
Арғы жағын кім ұғар.
Қиналмай-ақ бір оқпен
Атып алар түрі бар.
Екеу ғана – оңаша,
Тұл тыныштық бар маңда.
Ажалына араша
Ара түсер жан бар ма?
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *