Артыма қарармын

Артыма қарармын
Жарасаң еруге…
Ақыры қалармын,
Құлаған жерімде!
Мен сөйтіп өлермін,
Сырыңды бүкпеші.
Сен жайлы өлеңнің
Сол болар нүктесі.
Жолықтың маған, бағың ба, әлде сорың ба?!
Жолықтың екен – қорғалап әсте қорынба.
Таланың ба екен,
Залалың ба екен кім білсін,
Тарықпа бірақ, тағдырың менің қолымда!
Сеземін оны, аз емес сенің жүгің де,
Басыңды байлап бағынған болсаң бүгілме!
Қиналған болсаң,
Иланған болсаң сөзіме,
Жылата білген жұбата білер түбінде.
Зорлаған жоқсың, келгенмін саған еркіммен,
Түрленіп түлеп, құбылған жоқсың көркіңмен.
Махаббат деген
Мәңгілік ауру жабысып,
Арман жоқ әсте
Айықпай кетсем дертімнен.
Өзіңе сеніп,
Өзіңді сүйген жүрекке,
Тартпашы бейнет,
Артпашы, жаным, құр өкпе.
Ешқандай өмір,
Ешқандай зәбір бұза алмас
Түбінде тәңір жеткізер болса тілекке.
 
 
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *