Шытымыр аяз шырқын ап,
Бұйығып қатқан мұз дала.
Бу болып демі бұрқырап,
Су алып қайтты қыз бала.
Аспанды жапты қайта бұлт,
Бұрқырап боран келе ме?
Қос шелек қолда шайқалып,
Әрең деп шықты төбеге.
Жаутаңдап қарап жолына,
Жайылып жатыр қой ықта.
Қос шелек алып қолына,
Барады-ау тағы ойыққа.
Асылып әке мойнына
Жүретін кезі еркелеп.
Еркіне соғыс қойды ма,
Есігін қағып ентелеп.
Сол ойлар түнде ұрланып,
Түске енді қыстың бұлтындай.
Ұйтқыды боран жынданып
Ысқырық тартып бір тынбай.
Жүніндей қаздың түтіліп,
Бұрқырап жатты қар ұшып.
Әкесі жүрді түтігіп,
Майданда жаумен алысып.
Талықсып таңның кезінде
Ышқынып боран қашты аулақ.
Мөлтілдеп жасы көзінде
Селкілдеп басы қақшаңдап.
Аспанда бұлттар жөңкіліп,
Боран мен соғыс бір қашты.
Дүниеге жаңа өң кіріп,
Күмістей нұрын күн шашты.
Түрлентіп түсін әрлі етіп,
Әркімге айтып қуанып.
Мәз болып түске әндетіп,
Қыз бала қайтты су алып.
Сырбай Мәуленов