Пысқырмады

Пысқырмады
Салты ғой деп халқымның.
«Енді қашан, енді қашан?!» деуменен
Талай отты өшірдім мен кеудеден.
Тақыр жерде құлап қалған теректей,
Тамырын – тас,
Қабығын – құрт кеулеген.
Енді қашан?!.
Енді қашан тынады?!
Ығыр қылды-ау жер астының сынағы.
Жеті қат жер тыныштығын кетірген
Кімге тағам,
Кімге жабам кінәны?!
Кейпіндей-ақ қылқан жұтқан көмейдің,
Қылпылдаған күйге түссем, не деймін?!
Өскеменнің аш өзегі өртеніп,
Сай-сүйегі сырқырады Семейдің.
Ұлан белде ыдырады ырыс-құт,
Аспан жезге айналғанда, құрыш бұлт.
Қабірінен аунап түсті ұлы Абай:
«Бұл жақта да болмады-ау, – деп, – тыныштық!»
Адам едік жайшылықта жайдары,
Күйге түстік жел еспеген айдары.
Анығын да, қанығын да білмедік,
Кімге зиян,
Кімге, сірә, пайдалы?!
Қояр емес,
Аяр емес мені ешкім,
Талай-талай қабырғаммен кеңестім.
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *