Достастырып адамды – сырластырып,
Бас қостырып – құрбы ғып, құрдас қылып,
Айдан, Күннен, Аптадан келген сайын
Алаң болып күтемін бір жақсылық.
Бір жаңалық іздеймін жауған қардан,
Баудан пана іздеймін,
Таудан – қорған.
Телеграммалар күтемін құттықтаған
Облыстан,
Өлкеден,
Аудандардан.
Қарашаның жұп-жұмсақ ақ қарындай
Қарсы алдымнан атса ғой ақ таң ұдай.
Қайғысына халқының
Қабырғасы
Қайыспаған найсаптан сақта, құдай!
Бәз біреудің былапыт былығынан,
Дүние арып болған жоқ шылығынан.
Қара Жердің көкірегі қарс айрылды,
Адамдардың араздық қылығынан.
Ашылар деп ойласам дәуір бағы,
Барған сайын артқан жүк ауырлады.
Жапырағы саудырап,
Жалғыз қалып,
Жан ұшырған теректей дауылдағы…
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ