Сынбайтын темір, озбайтын өмір жоқ. Тал бесік пен тар бесіктің арасындағы өмір өткелдерінде Адам деген ардақты атқа кір жуытпай, мағыналы ғұмыр кешіп, артына өшпестей із қалдырған адам ғана мәңгі жасайды. Өмірін әдебиетке арнап, талай жылдар ел үшін қажымай еңбек еткен тұлғалардың бірі – Көкшетаулық ақын, журналист, жазушы Мәтен Өтешұлы Бижанов. Айтулы ақын өмірден озғанымен оның артында жарығы қалды. Ол жарық ақынның алапат сезімдерінен туған жырлары, журналистика саласында қалдырған өшпес ізі… Қаламгердің проза, поэзия саласындағы еңбектері жеке-жеке талдауды қажет етеді.
Жалын жұтып, жанын жеп жазған құрлы,
Өлеңінің өлмеуін арман қылды.
Тасқа басып қалдырды тәккапар жан,
Қан менен жас аралас тарлан жырды, – деп ақиық ақын Мұқағали бекер жырламады. Қандай ақын болмасын өлеңінің өлмеуін, оқырманын табуын арман етеді. Мәтен ақынның да әдемі де нәзік жан дүниесі өміршең өлеңдерді дүниеге әкелді. Әдеби жолдың басында қаламгер көп ізденеді, ізденіспен, оқумен көп уа¬қытын өткізді. Шығармашылық адамы ізде¬нбей ілгерілемейді. Мәтен ақынның поэзия жанрында өндіре көп жазбауында көп ізденгендігі, саннан көрі сапаға мән беретіндігі байқалды. «Көкшетау бір таза жер пері жүрген, мұнда жоқ жын мен сайтан өріп жүрген», – деуші еді ғой Ілияс Жансүгіров. Мәтен ақынның жас кезінде жазған балауса жырлары да Көкшетау табиғатындай таза, пәк сезімдерден туған. Ақын өлеңдері оқырманның жабыққанда жанын жұбататын серігіне айналды. Ол өз бойындағы тау суындай буырқана ақтарылған асқақ сезімді «Толқындай туласаң өлеңім, Жартасың болайын соғатын» деп шабыттана жырлады.
О, көкжал толқын, неткен ең долы,
Ұнайды маған мінезің сенің.
Бір сенде тұрса өлеңнің жолы —
Дұрыс па үйде жатуым менің!? – деп шабытының ғаламат күшін асау толқынға теңейді.
Асыл сөзге өлім жоқ. Қасиетті қара өлеңнің қадірін біреу білсе, біреу білмейді. Мәтен ақын өлеңнің шыңына шығуды мақсат етеді.
Бақытымды сол бір шыңнан көремін –
Шыққан шыңым, шыңы болса өлеңнің. – деп жырлайды. Иә, ақынның алғашқы өлеңдерінен-ақ ақындыққа ермек қуып келмегенін, өлеңді гауһар тастай қадірлейтінін аңғарамыз. Ақынның «Ермек үшін жыр жазбан» өлеңіндегі:
Абай атам бір сөзінен үлгі алғам,
Жазбайтұғын біреулерге бұл да арман.
Ермек үшін мүмкін ойнап кетермін,
Ермек үшін бірақ әсте жыр жазбан, – деген жолдар өмірдің заңдарына бағынбаған асау сезімдердің еріксіз жыр болып төгілгенін сездіргісі келетіндей. «Жазбайтұғын біреулерге бұл да арман» деп терең ой мен алапат сезімдердің түйінін төрт жолға сыйғызу шеберлігінің біреуге бұйырса, енді біреуге бұйырмайтынын айтқысы келеді. Иә, расында ақындық әр пенденің басына бір қонбайтын киелі өнер екені шындық. Ол турасында «Шабыт – жалқаулардың үйіне бас сұқпайтын тәкаппар ару», – деп П.Ч.Чайковский айтып кетті.
Әр ақында өзiнше дүние тану, өмiрге, өнерге, табиғатқа баға беру деген нәрсе болады. Мәтен ақында өз жырларында сан сұраққа жауап іздейді. Ақын «Аққу боп сүңгір ем тереңіне» деп аталатын өлеңінде:
Өлең де оңаймен тумайды.
Жүз асып қияға, жүз құлап, – деп «Өлең қалай туады?» деген сұраққа жауап береді. Рас, өлең ақын бойындағы сезімнің өрлеуі мен құлдырауының арқасында туады. «Ескі дәптер» жинағынан ақынның сезімінің қияға асқандағы мақтаныш кернеген өлеңдерін де, қиядан құлағандағы сезіммен жазылған күйректік жырды да кездестіреміз.
Ақындар арасында туған жерін, ата-жұртын, туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігін, мөлдір махаббатын шабыттана жырламағаны кемде-кем болар. Ақын алдымен өзінің туған жерінен нәр алады, сол жердің суын ішіп, бойына сол жердің қасиетін сіңіреді. Алғашқы балауса өлеңдерін де сол өңірге арнайды. Ал, өзіне ардақты да қасиетті мекенді, қуанышы мен қайғысына куә болған сол ортаны ақын жаны сағынғанда тіпті аласұрады. Кіндік қаны тамған жердің қадірін Мәтен Бижановта жырламай өтпеген. Ақын «Теректім» өлеңіндегі «Алғаныма ат ізін сәл суытып, Кешір мені, кешіргейсің демекпін!» – деген жолдар туған жердің қадірін асқақтата түседі.
Ақын аспанмен таласқан көкпеңбек, қарағай, шыршасы сыңсыған, бауырында не түрлі аңдары жортқан, қойнауында алтыны мен алмасы тұнған Алатауды өзінің Қасқатауына тең көрмейді.
Қимай сені келе берем, Қасқатау,
Сен екенсің Алатаудан мың артық, –
деп, өзінің туған елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігін жайып салады. Бірақ, ақынның туған жерге деген махаббаты тек Зеренді мен Қасқатауды жырлаумен шектеліп қалмады. Туған жерге, отанға, елге деген махаббаты басқа өлеңдеріне де арқау болды.
От кірпігін қақпаған күнің болғым келеді,
Бұлт түндігін жаппаған түнің болғым келеді.
Мейірлене төгілер нұрың болғым келеді,
Дәмін арзан татпаған шырын болғым келеді.
Ертегідей таусылмас жырың болғым келеді,
Көңіліңді өсірер сырың болғым келеді.
Хош иісті, жұпарлы гүлің болғым келеді,
Әлемді жалт еткізер үнің болғым келеді.
Не бақытты әкелер жылың болғым келеді,
О, сүйіктің отаным, ұлың болғым келеді!
Ақынның шығармашылығында туған жер тақырыбы кеңінен, өзіндік ерекшелікпен жырланды. Өлеңдерде туған жерге, елге тек сүйсініп ғана қоймай, отанының дамуына өзінің үлесін тигізуді парыз санайды. Ақынның «Ат жарыс» өлеңіндегі: «Шын жүйріктер қамшыны салғызбайды екен ғой, Мен де солай өзіңе қызмет етсем, халқым-ай» деген жолдар Мұса Жәлелдің «Асау жүрегіндегі»
Өлсем қызыл гүлдер өссін қаныма,
Көз жасымды қабылдасын өзенің, – деген кемел ойлармен үндеседі. Мәтен ақын Жәлелді жоқтап «Жәлел туралы жыр», «Қаза», «Тас түрме» атты жырлар жазды. Мұса Жәлелдің ақындығы мен батырлығын «Бір ауылға қуаныш боп туған ол, Бүкіл елдің көтеріп жүр қайғысын» деп жырға қосты. Мәтен аға Бижановтың Расул Ғамзатов өлеңдерін аударып, Мұса Жәлелді үлгі тұтуы бойындағы тану мен талғампаздықтың жоғары деңгейде болғанын аңғартады.
Поэзия биік парасатты қажет ететін жанр. Мұқағали «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады» деп айтуында мән бар. Кейбір ақынның мінезі, табиғаты өлеңімен үйлесім таппай жатады. Ал Мәтен ақынның бойындағы тазалығы өлеңімен үндеседі. Ақын «іші алтын, сырты күміс сөз алтынын» кемеліне келтіріп жырлаған.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Бижанов М. Ескі дәптер. Көкшетау, 2006 ж.
2. Бижанов М. Көк желке. Көкшетау, 2002 ж.
3. Бижанов М. Ой-тұтқа. Көкшетау, 2011 ж.