Жантубетова Айжан Оразбайқызы
Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжі,
қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы
КӨКШЕНІҢ КӨСЕМСӨЗ ШЕБЕРІ
Сіз де бір Қасқатаудың ақбұлағы,
Кеудеңнен шабыт-қайнар атқылады.
Бүретін көкжелкеден көсем ойлар,
Халқыңды, қауымыңды шат қылады.
Қорғанбек Аманжол
Көкшенің бүгінгі сөз ұстасы, тіл тәрбиесінің ұстазы, белгілі көсемсөз шебері Мәтен Өтешұлының публицистика жанрындағы қолтаңбасы ерекше. Елу жылға жуық ғұмырын мерзімдік баспасөзге арнаған қарымды қаламгер үшін бұл салаға сіңірген еңбегі елеулі, қалдырған ізі терең. «Бұқпа» газетінің тілшісі Әсем Жүніс «Келелі ой, кесек пікір иесі» атты мақаласында танымал журналист-жазушы Мәтен Өтешұлы Бижанов жайлы: «Мен үшін Мәтен аға жүрген жерде рух жүретін секілді. Рас, ағаның бойында тегеурінді тектілік бар болатын. Ұсақ-түйекке ұнжырғасын түсіріп көрген емес. «Әр іске кіріспес бұрын алдымен ойланып алған дұрыс, сонда адам жақсы мен жаманның парқын айыра біледі» деп бізге үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын, өзі адам жанының керемет психологы еді ғой», – деп айтқан сөзі көңілге қонымды 1.4.
Көрнекті қаламгер Мәтен Өтешұлы Бижанов 1937 жылдың 11 қарашасында бұрынғы Көкшетау облысы, Зеренді ауданының Қасқатау Қарабұлағының Үлкен түктісінде дүниеге келген. Көкшетау Мемлекеттік педагогикалық институтын, Мәскеудің Қоғамдық Ғылымдар Академиясын бітірген. Журналистика саласында қыруар еңбек еткен танымал публицист, қаламы қарымды журналист. Торғай облыстық «Торғай таңы», Көкшетау облыстық «Көкшетау» газеттерінің редакторы болған. 2001 жылдан 2009 жылдың тамызына дейін тәуелсіз «Бұқпа» газетінің Бас редакторы болды. Қаламгердің «Көк желке», «Ақбұлақ», «Ой-көкпар», «Ескі дәптер», «Ой-тұмар», «Ой-тұтқа», «Ой-толғақ» кітаптары оқырманның ыстық ықыласына бөленген болатын. Осы кітаптарды оқып отырып, жазудың қыр-сырын жете меңгерген қаламгердің оқиғаларды әсірелемей тұп-тұнық, қаз қалпында көркем сөзбен, кәнігі зергердің қолынан шыққан лағыл бұйымдай жұп-жұмыр етіп берудегі тәсілі қатты толғандырды. Құмықтың көрнекті перзенті Мурад Аджидің «Қыпшақтар» дейтін әйгілі туындысын қазақшаға аударған. Белгілі журналист-жазушы Мәтен Бижанов жайлы жазушы Төлеген Қажыбаев былай дейді: «…Мәтен Өтешұлы қоршаған орта, дүйім қоғам, қалың ел, қасиетті жер тағдырына сыбай-салтаң қарап өспеген, тәлімді тәрбиесі бөлек, талғам, пайымы бір оқшау пиғыл мінезді адам. Оны осылайша орнықты етіп қалыптастырған өзі таңдап, талғап жанына серік тұтып сүйіп алған журналистік деп аталатын мамандық еді. Ал нағыз, шынайы журналист әлем әдемілігін қызықтап қана отыратын сырттай бақылаушы емес, сол әлемнің әлем-жәлем тотықұс түсті сұлулығымен бірге оның өрт шалған қара күйелешті сипаттарын да, қайғы-наласы мен жаралы жан азасын да өз жүрек-сүзгісінен өткізер тұлға болмаққа керек. Ендеше журналист жазбаларынан әсте өмір тынысын, бүлкіл әрекетті қан ағысын, адамауи тірлік болмыстың барометрін сезетініміз де содан» 2.3. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері, әрі досы Сайлаубай Ыбыраев журналист Мәтен Өтешұлы жайлы былай ой тарқатады: «Жаны жайсаң, көңілі дархан, ағынан жарылып айтатын сырласым Мәтен Өтешұлы Бижановпен достығымыз сонау 1960 жылдардың басынан басталғандықтан, Мәкеңнің жан сырын әбден білемін десем артық болмас. Еліміз тәуелсіздік алғалы Мәкеңнің қаламынан, әсіресе, ана тіліміздің тағдыры ұлттық рух туралы шыққан ой-толқындары кімді болса да бей-жай тастамайтыны мәлім. Онысы сан үшін немесе бақ оздыру мақсаты емес, ұлттық сана-сезімді ояту, ана тіл мәртебесін көтеруге қосқан перзенттік үлесі деп түсінгеніміз жөн» 3.3. Бұл күнде әбден қу жауырын болған қазақ тілі мәселесі туралы «ТІЛГЕ ТЕҢДІК СҰРАСАҚ… Халықтар Ассамблеясының сессиясынан туған ой» мақаласында толғауы тоқсан жылға ұласатын түрі бар ана тілінің тағдырын сөз етеді. Мәтен Өтешұлы бұл мақаласында былай деп жазыпты: «Осы жуырда Республика үкіметі неден шошынғанын қайдам, іс қағаздарын 10 %-ға кемітті. Бұл нұсқауды Мәдениет және ақпарат министрлігі алдағы жылдарға арналған перспективалық жоспарына сол қалпында бұлжытпай енгізе қойды. Осыларға қарап ұлттық тіліміздің өркенін кім тұқыртып отыр? – деген сұрақтың жауабын тапқандай боласың. Оның аты – билік. Билік өзі бас болып осылай кері тартып отырғанда бұл тілдің өркен жая қоятындай не жыны бар? Дамымайды да, өркен де жаймайды» 4.72-75. Мәтен Өтешұлының ұлтжанды азамат ретінде биік парасаттылықпен көтерген тақырыбының бірі – қандастарымыздың тұрмыс-салты мен мәдениетінің, туған тілінің аянышты халі. Жастардың ішімдікке әуестігі, мәдениеттің кешеуілдеп қалғаны, әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған тілдің жойылу кезеңіне аяқ басқанын, рухсыздануды жай жазған жоқ, жылата жазды, көзден қанды ағыза жазды. Журналист нақты деректі жайларды жазды. Сыйынатыны – тек шындық. Ал осы шындық кей кезде қандай ауыр, азапты. Оның кейіпкерлерінің шындықты айтуға бейілді болулары, оларды сөйлетуші журналистің адамның ерекше қасиетін таба білуінде болса керек. Көсемсөз шеберінің «Жаутаңкөз қазақи рух қайтсе еңсе тіктейді?» атты мақаласында тәуелсіздіктің бесігінде тербетіліп, тәтті өмірдің құшағындамыз деуден жалықпайтын қазақ «неден тәуелсіз?» деген сұраққа жауап іздеп, тәуелсіздік деген қасиетті ұғымның бағамы төмендеп, айтуға жеңіл, арзан бірдемеге айналып бара жатқандығын айтады. Петропавл мен Павлодар қалаларының атауын тарихи қалпына келтіру турасында сөз қозғап, әттең үйреншікті стеоратив-жаутаңкөздік үстем болғандықтан, тіпті бала-бақшадан бастап, Парламентке дейінгі жай-күйімізде ұлттық рухтың исі де сезілмейтіні тәуелсіздікке нұқсан келтіретінін аңғартып айтады. Жан-жақты шебер қаламгер Мәтен Өтешұлы туралы сөз қозғасақ, оны өзінің туған топырағынан бөліп қарауға болмайды, өйткені ол өзі туып өскен Көкшенің туын жоғары ұстауға тырысты, оны жырлап өтті, табиғаттың жанашыры болды. Мәселен, «БҰЛАҚ КӨРСЕҢ – КӨЗІН АШ» деуші еді…» деген мақаласында: «Менің туған ауылым – Қарабұлақта кәусар сулы бұлақ бар. Заманында әлдебір дуалы ауыз кейуанамыз «Ақбұлақ» деп еркелетіп ат қойыпты-мыс. Қалай болғанда да менің түйсігімде солай естіледі – Ақбұлақ! …Апырмау, бұлақ дегеннің нуы жайқалып, жап-жасыл болып тұрмаушы ма еді, мына тап-тақыры несі? – деп ойласайшы біреуі. Бұлақ табиғаттың ерекше жаратылысы. Көкшенің әр тасының киесі бар демекші, мұның да киесі бары рас. Сол киесінен қорықсақшы» [5. 81-84], – деп ой қорытады. Адамгершілік асыл қасиеттері мол қарымды қаламгер туралы жазса да, қандай мәселе көтерсе де, сол өзі әңгімелеп отырған тақырып төңірегінде кеңінен толғап, пікір білдіріп, оқырманға ой тастайды. Өзін толғандырған мәселе басқалардың көкейіне жетсе екен деген ізгі ниеті байқалып тұрады. Және бір қызығы – қаламгердің мақалалары көбіне оның өз өмірінің бір бөлшегі сияқты әсерге бөлеп отыратыны бар. Басқаша айтқанда, оқырман өзін мақала емес, оқиғасы қызықты бір әңгіме оқып отырғандай сезінеді. Бұдан бір жағынан жазушының өзі жақсы білетін нәрселерді ғана жазуға ұмтылатыны және соны оқылатындай етіп қызықты баяндауға, оқиғаларды ойнатып беруге күш салатыны аңғарылады. «Үштілділік саясаты қазақ тілінің соры ма?», «Қазақ ауылдарының пешенесіне не бұйырған?», «Білімсіз ұрпақ – тұл», «Жаутаңкөз қазақи рух қайтсе еңсе тіктейді?» деген мақалаларында сол тұстағы саяси жағдайлар астаса өріліп, оқырман көкейінде қалып қояды. Автор өзіндік пікір түйіп, қоғамдағы түрлі кереғарлықтар жайлы ой бөлісіп, белгілі бір қорытынды жасап отырады. Қаламгердің қандай шығармасын алсақ та, ондағы басты тақырып туған жер, ұлт мүддесі, тіл тағдыры, қазақтың рухани құндылықтары екенін танимыз. Осы тақырыптар жүрегін толқытқан сәттерде Мәтен Өтешұлы жазушы болып ой толғады, ғалым болып тарих тереңінен сыр ақтарды. Соның нәтижесінде оның қаламынан тамаша дүниелер туды. Көрнекті қаламгердің 31 қазан 2013 жылғы «Бұқпа» газетіне жарыққа шыққан «Жарқабаққа асылған қос қайың» атты мақаласында әрі табиғат мәселесі көтерілген, әрі табиғат пен адам тағдыры үндестірілген. Мәселен, бұл мақалада: «Сонау қазақтың қара шалының даналығынан қалған мирас емес пе? «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын, Бас ұрып қара жерге сұлағанын. Жапырағы сарғайып, өлімсіреп, Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?» демеуші ме еді, данагөй. Одан бері нешеме қайың құламады, нешеме орман отқа оранып жыламады, кім есептепті. Бірақ сенің қайыңың жыласа да жығылған жоқ, жарқабаққа жабысып әне тұр. Оған тәубе қылайық» [6.73], – дейді Мәтен атамыз табиғатқа да жанашырлық сезімін танытып. Осы мақалада көрнекті қаламгер табиғаттың әсемдігі мен адам өмірінің қыр-сырын үндестіріп қоймай, әрі шендестіреді. Ойым дәлелді болу үшін, мақаладағы мына сөйлемдерге назар аударсақ. «…Осы бір қара темірдей қасаң сұрақ қоңыр күздің сіңгелдеген қара жаңбырына қарата айтылған сияқтанса да мәселе, тіпті де онда емес-ті. Мәселе мына қос қайыңның тағдыр-талайы жайында болатын. Енді ойлап отырса қос қайыңның да емес, ерлі-зайыпты өздерінің тағдырлары турасында екен-ау. Иә-иә, өз тағдырларын шендестіруден, мұның ойынша, тағдыры тәлкекке түскен қос қайыңның ғұмырын өз бастарына телуден туған далбаса гипотеза еді. …Тағдыр-талайы қыл ұшында тұрған қос қайың енді бір сәт ерлі-зайыпты бұлардың прототипі сияқтанып көз алдында көлбеңдеп тұрып алсын да қойсын. Әй, телісе телігендей мұндай ұқсастық тегін емес. Тамырларына ота жасатып, ғұмыр-тіршілігін ұзартып жүрген бұлар сияқты мына міскін қайыңдарға бір ота керек-ау, сірә…» [6.75]. Әңгіме жарқабаққа асылған қос қайың жайлы болғанмен, ол тұйықталуға шақ қалған екі-үш тамырына ота жасатып, ғұмырын ұзартайын деген ерлі-зайыптылардың прототипі ретінде алынып отыр. Демек, әңгімені толық оқып, меңгергеннен кейін әлгі қос қайыңның прототипі 7 жыл бірге қол ұстасып, ғұмыр кешкен жан жолдасы Жанна Мейрамқызы мен Мәтен Өтешұлы жайлы болған әңгіме екен. Жалпы, жазушының адам мен табиғат арасындағы байланысты көркем тілмен шендестіре жеткізіп, ой тұңғиығында өмір туралы толғанғанын аңғартады. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерін» деген асыл сөздің қасиетін алтын қазық деп білген Мәтен Өтешұлының 2014 жылы жарыққа шыққан «Ой-толғақ» кітабында «Жарқабаққа асылған қос қайың» деректі әңгімесіндегі: «Бойындағы талант-таланын сарқа жұмсап, жасына жетпей қара жердің сұп-суық қойнына кіргенше қолдарынан қаламдары түспей, кейінгілерге ең асыл өшпес мұраларын, мәйек жырларын мирас қып қалдырған бұларды елеген-екшеген біреудің болмағаны қасірет емей не?!» [6.81] дей келіп талайларды төбеге көтеріп жатқан Көкше Еркеш Ибраһим – азаматқа, Ер-ақынға, Ер-аруағына, кешегі көсемсөздің көк семсері, ел еркесі Сәкен Жүнісовке арнап көкіректе кептеліп тұрғанды сыртқа шығарған жан айқайы еді. Өзі емес, өзгелер үшін, ел үшін еңбек еткен, адами қасиеттің кемеңгері болған Мәтен атамыз мәңгілікке кетті. Әдебиетші-ғалым Нұртас Ахатұлы 2011 жылы жарық көрген «Ой-тұтқа» атты кітабына оң баға беріп, «Мәуелі сөздің майталманы» атты мақаласында Мәтен Бижанов жайлы: «Асылын айтсақ, Мәтен аға Бижанов – ғасырлар тоғысында екі дүниені көріп (идеология), билік пен мансаптың да шапанын киіп, «қызылкөз» саясатының дәмін татқан, одан кейін жаңа қоғамның да, тәуелсіз елдің де ісіне атсалысқан тұлға. Бірақ, салиқалы ақыл-парасатының арқасында «көпей шал» болмай, «шенеунік-ардагер» санатына қосылуға ұмтылмай, өз биігінде, өз қиясында қалып, қазақтың шын мәнісінде «дария кеуде» кемел қариялық дәрежесіне көтерілгені бізді, өкшесін басып, артынан еріп келе жатқан інілерін қуантады», – деп ой қорытады [7.5]. Адам өмірге жылап келіп, ағайын-туыстарын, жанашырларын жылатып кететіні айдан-анық. Тумақ бар да өлмек бар дегендейін, ерте ме, кеш пе кімнің болмасын бақилық болуы Алланың бұйрығы. Адам баласының ажалға қарсы тұрар қауһары жоқ. Демі таусылғанша Мәтен Өтешұлының қолынан қаламы түскен жоқ. Журналист үшін, жазушы үшін одан асқан бақыт бар ма?! Адалдықты ту еткен қарымды қаламгер оқырман көңілінен шығатын артында өшпейтін мұра қалдырды. Бүкіл саналы ғұмырын газет ісіне сарп етіп, азбайтын асыл сөздерін келер ұрпаққа мұра еткен қаламгер Мәтен Өтешұлының бейнесі оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақталары даусыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Жүніс Ә. Келелі ой, кесек пікір иесі. «Бұқпа» газеті. №31, 7 тамыз, 2014 ж.
2. Қажыбаев Т. Аға туралы толғансам. «Солтүтік Қазақстан» газеті, 12 қараша,
3. 1997 ж.
4. Ыбыраев С. Дос көңілі. «Бұқпа» газеті. №48, 5 желтоқсан, 2013 ж.
5. Бижанов М. Ой-тұтқа. Көкшетау, 2014 ж.
6. Бижанов М. Ой-толғақ. Көкшетау, 2014 ж.
7. Бижанов М. Жарқабаққа асылған қос қайың. «Бұқпа» газеті. №10, 31 қазан, 2013 ж.
8. Ахат Н. Мәуелі сөздің майталманы // Бижанов М. Ой-тұтқа. Көкшетау, 2014 ж.