Кешір сен, Наурыз!
Кешегі
Бетіңнен қаққан күндерді.
Маңдайдың соры бес елі,
Мұндайды, сірә, кім көрді?!
Наурызым, кешір,
Дәміңді –
Жетпіс жыл бойы татпадым.
Айта алмай арнап әнімді,
Шірітіп іште сақтадым.
Жетпіс жыл сені жерледім
Жүректің терең түбіне.
Намыстан талай терледім,
Ұқсады кеудем күбіге.
Ішімде небір ит өліп,
Оңбаған ойлар ойладым.
Өңменнен сені итеріп,
Өзгенің тойын тойладым.
Берілдім ойын – ырбаңға,
Жақсының ісін жат көрдім.
Гүл басқан көктем тұрғанда
Кақаған қысқа тап келдім.
Сол үшін болсам қылмысты,
Оны да жаңа сезіндім.
Дәріптеп басқа ұлысты,
Дәстүрден, салттан безіндім.
Келгенде дүние кезегі,
Жармасқан иттей балаққа.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ