ЗЕРДЕЛІ СӨЗДІҢ ЗЕРГЕРІ

Нұрахметова Назгүл Еркінқызы
Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжі,
қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы


ЗЕРДЕЛІ СӨЗДІҢ ЗЕРГЕРІ

Поэзия – ақын табиғатының жалынды жаршысы, тебіренген жыршысы. Өзекті жарып шыққан өлең ақынның табиғатын танытады, табиғилығымен тәнті етеді. Мәтен Бижанов өлеңдеріндегі осындай табиғилықтың қарапайым қазақы болмысымен шынайы берілуі үлкеннің де, кішінің де көңіліне жылы ұялайды.
Асқақтайсың, асқақсың, тым биік те,
Қас қақпайсың – қызықпас кім биікке.
Жетелейсің, жетегіңе еремін,
Еркем, – дейсің, – төсіме шық, өренім.
Атылады кеудеден жыр, тыңдашы,
Шақырады, шақырып тұр шың басы.
Бақытымды сол бір шыңнан көремін,
Шыққан шыңым, шыңы болса өлеңнің («Шың»).
Не бары екі-ақ шумақтан тұратын осы өлеңде өлең шыңын бағындырсам деп алысқа талпынған ақын арманы, сөз өнеріне деген ынтықтық, телегей жойқын құштарлық байқалады.
Өлең шыңын бағындырудың оңай еместігін, ол дарындылықты, шеберлікті, сезімталдықты, үлкен еңбекті талап ететінін:
Отырмын тағы да сызғылап,
Өлең де оңаймен тумайды.
Қияға жүз асып, жүз құлап,
Көңілім дауалап тұрмайды.
Дес бермей кей кезде кетеді,
Жүген-құрық көрмеген асаудай.
Көрінер кей уақ ол тегі,
Асу боп, қалатын аса алмай.
Толқындай туласаң өлеңім,
Жартасың болайын соғатын.
Аққу боп жүзер ем тереңін,
Айдыным сен болсаң қонатын, – деп жырлаған ақын өлеңге бой алдырғанда бірде қияға өрлеп, енді бірде құздан құлағандай күй кешіп, өлеңнің асау тұлпардай шылбырын оңай ұстатпайтынын сөз етеді.
Абай хакім:
Өлең – сөздің патшасы, сөз – сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, – деп өлеңнің іші алтын, сырты күміс болып, оны бөтен сөзбен былғамай, өлең түрі мен мазмұнының бірлікте болуын талап етсе, Мәтен ақын да өз кезегінде:
Абай атам бір сөзінен үлгі алғам,
Жазбайтұғын біреулерге бұл да арман.
Ермек үшін мүмкін ойнап кетермін,
Ермек үшін бірақ әсте жыр жазбан, – дей келе, көркем сөздің асылы – поэзия екенін ұғындырады.
Тіл байлығын игеру, сөздік қорды молайту бір бөлек, сол бай тіл мен мол сөзді әдеби шығармаларда суреткерлік шеберлікпен қолдана білу тағы да бар.
Тіл көркемдігі мен сөз сұлулығы сөздің табиғилығы мен қарапайымдылығында, нақтылығы мен тазалығында жатады.
Табиғат құбылыстары, болмыс сырлары, адам жанының қатпар-қалтарыстары – қай-қайсысы туралы тебіренсе де Мәтен ақын өлеңдері табиғи қазақы болмысымен, жанға жағатын ырғақ екпінімен, мөлдіреп еркін құйылған әуезділігімен, әдемі ойды әспеттеп жеткізе алуымен ерекшеленіп тұрады.
Айтайын деген ойын тереңнен толғайтын Мәтен Бижановтың көсемсөз шебері екені белгілі. Ақын өлеңдерінде теңеу, метафора, метонимия, эпитеттердің т.б. жиі кездесетіндігі осыны аңғартқандай.
Үлпілдеп бейне мамықтай,
Жапты жерді ақша қар.
Ұйқыдағы алыптай,
Үн-түнсіз тұр биік жар.
… Келеді дала қазындай,
Шаңғы тепкен топ бала… («Алғашқы із»).

… Көсіліп жатты көше-үй,
Тізіліп дала қазындай.
Төгілді сонда неше күй,
Сұлудың салған сазындай… («Ауыл таңы»).

Тың төсінде буырқанған тың толқын,
Жазып жатыр ақындарша өлеңді.

… Дархан жүрек соғып өткен ел үшін, … Сұм жүрек не сездің дір еткен, … Кербез дала, дархан дала, кең дала.
Мұндағы теңеулер әр түрлі жолмен жасалған. Тың теңеулер арқылы ақынның көркем сөзді қалай түрлендіргенін, бейнелілікті арттырғанын, жүрек, дала сөздеріне қосылған эпитеттердің сол сөздерге өзгеше мағына үстеп, жаңа рең беріп тұрғанын аңғаруға болады.
Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлілігі үшін де орасан қажет тәсіл –құбылту, яки троп – сөздерді тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану. Әдеби тілдегі ең басты құбылтулардың бірі – ауыстыру, яғни метафора ақын өлеңдерінде мол көрініс табады.
… Күз – күйеуін тоғай – қайны қарсы алған, … Өмір – сәби бесікке әкеп бөлесең…
… Дала – сахна, самал – оркестр,
Көктем – дирижер, шымылдық – аспаны.
Көктем – қарындас, мінезің қызық-ау…
Аналар – өмірдің айнасы,
Аналар – өмірдің түр-өңі…
Бұлардың бәрі де құбылысты, адам бейнесін көркемдікпен тануда үлкен қызмет атқарып тұр.
Сондай-ақ, ақын өлеңдерінде дыбыс қайталауы да жиі ұшырасады.
Ана – ол адамның құрышы,
Ана – ол жаныңның тынысы.
Ана – ол шаңырақ ырысы,
Ана – ол ұлының ұлысы («Ана туралы толғау»).

Толқын жатыр толқындарға сүйеніп,
Тұрма жігіт тек осыған сүйініп.
Толқын жатыр машинаға тиеліп,
Толқын жатыр ақ маржан боп үйіліп.
Толқын жатыр толқындармен қауышып,
Толқын жатыр ақ бидайға ауысып.
Толқын жатыр толқындармен жарысып,
Толқын жатыр толқындармен табысып.
(«Дала, дала, бұйра толқын, мың толқын»)
Берілген өлең шумақтарындағы дауысты (ассонанс), дауыссыз (аллитерация) дыбыстардың қайталануы ақын өлеңінің әуезділігін арттырып тұр.
Көркемдегіш құралдар – шығарманың өңін кіргізетін ең ұтымды тәсіл десек, тілдің көркемдегіш құралдарын ақын өлеңдерінен келтірілген үзінділерден белгілі бір стильдік мақсаттарға орай орынды да ұтымды қолданғанын байқаймыз.
Міне, осылай өлең өріне құлашын жайып талпынған Мәтен ақынның тілі, сөз кестесі мен өлең өрнегі кіршіксіз қоспасы жоқ саф тазалығымен, келісті қарапайымдылығымен, сонылығымен ешқашан құндылығын жоғалтпақ емес.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы. Мектеп, 2002 ж.
2. Бижанов М. Ескі дәптер. Көкшетау, 2006 ж.
3. Бижанов М. Көк желке. Көкшетау, 2002 ж.
4. Бижанов М. Ой-тұтқа. Көкшетау, 2011 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *