Айып жоқ айтқан ақыннан,
Айтпасқа қоймас қаламы.
Дүние түгел сатылған,
Қайтсе де сатып алады.
Мінгендей болып күймеге,
Алаңсыз жүрген қазақтар.
Түйе ме, тіпті түйме ме,
Сатылмай қалған не зат бар?!
Дұшпан бар, дос бар табалар
Жатқанда бәрі сатылып…
Қайдасың, қайран Ағалар,
Халқы үшін кеткен атылып!
Теңесер кім бар мықтымен,
Кім бітер құдық – құлқынды?!
Сатып алады
Түп-түгел –
Дүние-дүкен, мүлкіңді.
Екпіні тіпті ерекше,
Қабағы қатты түюлі.
Сатып алады,
Керексе –
Үстінде тұрған үйіңді.
Шынжырмен матап қойғандай,
Табанға таптап халқыңды.
Сатып алады
Ойланбай –
Дәстүрің, дінің, салтыңды.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ