АЙРЫЛДЫМ…

Айрылдым мен…
Бәрінен де айрылдым!
Қалтылдаймын қайығында қайғымның.
Заманында тыпа-тыныш Елімнің,
Аманында аспандағы Ай, Күннің.
Қара жердің құнарынан айрылдым,
Дала белдің мұнарынан айрылдым.
Аңсап ұшып аққу қонған, қаз қонған
Айдын көлдің құрағынан айрылдым.
Балқашымнан, Аралымнан айрылдым,
Бақша-бауым – дарағымнан айрылдым.
Садақ тартып, сұр жебені жүйткіткен
Қаруымнан-жарағымнан айрылдым.
Айрылдым мен…
Айрылдым мен бәрінен,
Ешкім мені емдей алмас дәрімен.
Жас баладан данышпандық күтпедім,
Ақыл сұрап көрген жоқпын кәріден.
Сұңқар едім – қанатымнан қайрылдым,
Тұлпар едім – тұяғымнан айрылдым.
Түн ішінде кісінеген құлындай
Айрылып қап үйірінен айғырдың!
Айрылдым мен,
Айрылдым мен, айрылдым!..
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *