Абиева Камила Қойшыбайқызы
Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжі,
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы
МӘТЕН БИЖАНОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ПСИХОЛОГИЗМ СИПАТЫ
Этнопсихологияның негізгі мәселесінің бірі – ұлт психологиясы. Адам затына тән ортақ халықтық психологияның негізгі зерттеу нысаны – халық ұстанатын тәлім-тәрбиелік, этикалық нормалардың жан жүйесі тұрғысынан баяндалынатын туындылар. Мұнда ғасырлар бойы жинақталып, жүйеге түскен ұлттық дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып ұрпақтан ұрпаққа біртіндеп жалғасатын адамгершілік, ақыл-ой, эстетикалық, еңбек, дін, т.б. тәрбие түрлеріне қатысты нормалар мен принциптер, яғни белгілі бір этностың, жалпы мінез-құлқы, іс-әрекетінің ішкі астарлары сөз болады. Халықтық психология – ұзақ дәуірлердің жемісі болып табылатын, тез көнеріп не жоғалып кетпейтін, белгілі бір халықтың қанға сіңген психикалық, мінез-құлықтық бітімі.
Ұлттық психология – тұлғаның қарапайым өмір дағдысынан, қоғам, халық не жеке тәжірибесінен, өмірге көзқарасы, пайымдауларынан туындайтын қарапайым психологиялық білімдердің жүйесі. Бұл – белгілі бір адам бойындағы ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың таным, наным-сенім, салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігінен, дүниетанымынан хабар беретін ақпарат көзі.
Этнопсихология ғылымы халық психологиясын, сана-сезімін көрсететін негізгі өлшем ретінде халықтың рухани байлығын (миф, фольклор, тіл, дәстүр, салт, әдет-ғұрып, діл, дін, т.б), оның жемісін алады.
Психологизмнің көркем шығармада берілуін, оның мәні жайлы Б.Майтанов былай дейді: «Қаһарманның рухани әлемін, жан сырын жеткізу амал-тәсілдерінің жиынтығы немесе идеялық-эстетикалық шығармашылық феномен – психологизм» [1.3].
«Психологизм – көркемдік әлемнің жұлын-жүйесі» [1.12] екендігін ескерер балсақ, әдебиет пен психология етене астасып жататын салалар. Психология әдебитке көркем құбылыс ретінде енуі бір жылдың еншісінде емес. Даму барысында психологизм элементтері ертедегі әдебиеттерде де орын тепкен. Нақтылы психологизмнің көркемдік тәсіл ретінде әдебиетке келуі XVIII ғасырдан басталады. Адамның жан қозғалысын, нәзік әрі терең сезімталдықты суреттеу – сол кездегі жазушылардың алғы мақсаты болды.
А.Иезуитов: «Біріншіден, психологизм – сөз өнерінің тектік белгісі, ажырамас қасиеті, көркемдік кепілі» [2.50], – деп адам тұлғасындағы халықтық психологияны көркемдік тәсілмен берудің маңыздылығын көрсетеді.
«Психологиялық талдау өнертанудағы соны сипаттағы белес болды, кейіпкер психологиясын талдау тереңдей түсті» [3.278]. Адамның әлемін, ой-сезімін, түсінік-түйсігін, дүниетанымын ашып көрсету – суреткердің негізгі міндеті, себебі көркем әдебиеттің негізгі нысаны адам.
Н.Чернышевский «психологиялық талдау – шығармашылық таланттың қуатын көрсететін қасиеттің ең маңыздысы» – екенін атап айтуы тегін емес [2.36]. Ал бейнеленетін кейіпкердің жан қалтарысын, дүниетанымын, сезім толқындарын оқырман алдына әкелу жазушыдан терең толғаныс пен сөз шеберлігін керек етеді.
«Психологиялық роман – адамның жан дүниесін, ішкі сезімін терең ашып көрсетуге айырықша мән берген» [3.280], – деп белгілі әдебиеттанушы ғалым А.Ысмақова баға бергендей оқиғалар тізбегін құру, көркемдеу сөз өнерінің еншісінде болса, оған психологиялық реңк беру «жан диалектикасының» еншісінде.
Қаламгер ретінде көркемдік шеберлік биігіне бірнеше өзіндік қасиеттері арқылы қол жеткізген жазушының бірі – Мәтен Бижанов.
Жазушы шығармаларының тілі, сөздік қоры, сөйлем құрылысы ерекше назар аударуды қажет етеді.
Мәтен Бижанов әңгімелерінің психологизмі мен авторлық баяндау ерекшелігінің сабақтастығы аталмыш жанрдың ішкі ырғағы мен үйлесімін туғызған. Оның өте тартымды, терең психологизмге құрылған әңгімелеріне назар аударуға тұрарлық. Жазушы қанатты сөздерді, мақал-мәтелдерді, шешендік сөз өрнектерін шығарма мәтініне, кейіпкер сөзіне, авторлық баяндауларда ұтымды пайдаланған. Ұлттық бояуы қанық, ұлттық өрнегі мейлінше дара сөздер мен сөз тіркестерін дәл тауып қолданған. Жазушының қазақ халқына тән ұлттық болмысын беруде жеткен жетістігі де осы тәсіл арқылы берілген. Қазақ өнері, салт-дәстүрі, ырым-жорамалдары, мақал-мәтелдері, тек қазақ ұғымында ғана сақталған көнерген сөз, сөз тіркестерін бір арнаға тоғыстырады. Ол арна – ұлттық ұғым-түсінік, ұлттық сана-сезім, ұлттық ойлау жүйесі. Жазушы әрбір кейіпкерді сомдауда ұлттық мінезді бойына сіңіре білуі – қаламгердің ұлттық өмірді, тұрмыс-тіршілікті терең меңгергендігін, жақсы білетіндігін аңғартады. Психологиялық тереңділікті бере білу аса күрделі өнер. Қазақ киімін кигізіп, қазақ тілінде сөйлетіп қойғанмен қазақи психологияны беру мүмкін емес, әрине. Жазушы мұны жақсы білді, біліп қана қойған жоқ туындыларында шебер, тың жолмен бере алды.
Автор шығармаларында ұлттық танымға қатысты мынадай мақал-мәтелдер кездеседі: Ашу пышақ болғанда, ақыл – таяқ [5.14], Қонақ аз отырып, көп сынайды [5.11], Құдай да тиыш, құдағи да тиыш[5.16], Қадалған жерінен қан алатын [5.16], Қылша мойным талша, кессең міне бас, деп зыр қағатын, Бөрі жоқ деме бөрік астында[5.18], Енесі тепкен құлынның еті «ауырмайдыны» жасап біраз сілкілеп алды [5.18], Жуастан жуан шығады…
М.Бижановтың шығармаларында мынадай оралымдар, ұлт мінезін танытар қолданыстар бар: Күйеуі дауысын сырнайша созып [5.12], Елшілікке жіберер сөздерінің тұздығын осылайша ащы қылмаса Зергүлдің астар-астар ойларын жыртығына жамау болмайтынын Күшекең біледі [5.12], «Нем кетіп барады, көрейін» деген кісіше Күшіген отқа бір тамызым майды құя салды… [5.13], Бұйрық райлы одағай сөздерді кәделеп көрген, көргені құрсын Зергүл ит терісін басына қаптаған [5.14], Шоғын сөндірген ошақ секілді басы да зырқ-зырқ етуінқойды[5.17], Жаңа түскен келіннің бөртпе шәлісіндей [5.18], Қаулының әр тармағын жіліктеп шағып берді де… [5.19], Тауып көр, әулие екеніңді көрейін [5.21], Тойларда қолға су құюға жарамай қалды [5.21], Машинаның құлағынан түспеген соң.., ГАИ десе иманым үйіріледі, Сырдың суы жұлығыңа жетпей құтырынып тұрған сен жынын алған бақсыдай боп… Бастығым қу бастан қуырдақ қуырған неме екен [5.26], … Бұрынғы тұрған жерінде де істемеген ісі жоқ, артынан күл шашып отыр бәрі [5.33], Есікті неге солқ етіп жабасың,- деді … орыстың тұздықты сөзін араластырып [5.34], Қой аузынан шөп алмайтын биязы[5.35],…әрі қарай әңгіменің тиегін ағытар еді[5.36], т.б.
Қорыта келгенде, Мәтен Бижанов өз ұлтының жан дүниесін, таным-түсінігін көркем шығармалары арқылы шебер суреттей алған, суреттеп қана қоймай үлгі алар, ұрпаққа аманат етер қырларын дәріптей білген ұлтжанды жазушы деп айта аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. Алматы, Санат -1996 ж.
2. Чернышевский Н. Полные собрания ОГИЗ. Москва, 1939 г.
3. Исмакова А. Казахстанская художественная проза. Поэтика. Жанр, стиль. Алматы, 1998 г.
4. Пірәлиева Г. Ізденіс өрнектері. Әдеби сын. Зерттеу. Сұхбаттар. Алматы, 2001 ж.
5. Мәтен Бижанов. Көк желке (сықақ әңгімелер, фельетондар, сықақ өлеңдер). Көкшетау, 2002 ж.
1.