Мына заман бара жатыр қайда алып?..
Өліктер де жата алмады-ау жайланып.
Жауыз деген Гитлердің әскері
Зират көрсе өткен дейді айналып…
Кеттік пе әлде…
Масайрап та, мастанып.
Күлмей ме екен, білмей ме екен басқа жұрт?!
Болғаннан соң тірілерді таяқтап,
Өлілерге қол жүгірте бастадық!
Ей, Мұсылман!
Қайда кеткен намысың?!
Жүрміз бе әлде жеке бастың қамы үшін?!
Қан майданда қазағымның ерлігін
Қалың елім тағы да бір танысын.
Халық едік жұмысы жоқ қақ-сұқпен,
Басын қосып туыс біткен, дос біткен.
Тоғысайық ақ тілектің үстінде,
Соғысайық зұлымдықпен – қастықпен.
Тыныш жатқан «Кеңсайдағы» зиратты
Қандай жауыз, қандай залым қиратты?
«Қаңғып жүрген бала-шаға ісі» деп
Ешкім оны ауыздықтап, тыймапты…
Талай жылап, талай күлген халқым-ай,
Жан достыққа жарай білген халқым-ай.
Аруағын қорласа да қару ап…
Кешіріммен қарай білген халқым-ай!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ