Сыздайды жүрек ызадан,
Тигендей таяқ денеге.
О заман да, бұ заман
Жер сатқан деген немене?!
Бұл сөзге қалай нанамыз,
Шындыққа, сірә, жата ма?
Жер – біздің туған Анамыз,
Анасын адам сата ма?!.
Қайғыға толды көкірек,
Көзімнің жасын тия алмай,
Қаратауымның бетіне
Қараймын қалай ұялмай?!
Қазақтың қайран даласы-ау,
Болды ма белің талғандай.
Арайлы, асқақ Алатау
Аз күнде жүдеп қалғандай!
Арқаның асау желдері
Темірдей қатты тыңайып…
Көкшетауымның көлдері
Қарайды маған мұңайып.
Халқым-ай қайран…
О, тоба!
Осы ма кезің сорлаған.
Бұл жерді батыр аталар
Қанымен ғана қорғаған.
Дәм-тұзын талай таттырған
Жерімді әлі баптаймын.
Шығуға жаны шақ тұрған
Аралдың өзін сатпаймын.
Алқымнан алып бір тымау,
Күшейтті жанның жарасын.
Саудаға салақ жұртым-ау,
Жер сатып қайда барасың?!
Түскендей басқа күллі азап,
Жер сатқан деген немене?
…Бәріне төзген бұл қазақ
Бұған да енді көне ме?!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ