МҰХТАР ӘУЕЗОВ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ ӘЙЕЛ ПСИХОЛОГИЗМІ



Серкешбаева Гүлжанат Нұрмағамбетқызы

Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы «Ж.Мусин атындағы Көкшетау
жоғары қазақ педагогикалық колледжі» МКҚК

Резюме

Бұл мақалада қазақ прозасындағы психологизм ағымының шығармашылық құбылыс ретінде өмірге келіп, көркемдік дәстүрге айналдырып қалыптастыруда, терең тамырланып өркен жаюына кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов зор талантымен танылғандығы туралы сөз етілген.
Жазушының «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі Қарагөз бен Ғазизаның психологиялық жан күйзелістерін зор шеберлікпен жеткізе білгендігі айтылған.
Әдебиет сынының белді қайраткер сыншысы Бақытжан Майтановтың психологиялық мотивировка туралы ой тұжырымын негізге ала отырып, әңгіме желісіндегі ой орамының көркемдік шешімін тапқан.
Аталған әңгімелердегі әйелдер образын сомдауда жазушының жан тебіренісі шынайылығымен әрі табиғилығымен көрініс тапқан.
Жазушы қоғамдық өмірді әр қырынан бейнелеудегі әңгіме жанрының, оның әр алуан түрлерінің ұтымды келетін жақтарын көре білген және сан алуан адамның жан дүниесін, мінез-құлқын, іс-әрекетін адамдық, адамгершілік секілді гуманистік принциптер тұрғысынан бейнелеуде ұтымды пайдаланған.
Қарагөз, Ғазиза сияқты бас қаһармандардың тағдыры, мінезі, сезімі, іс-әрекеті өмірдегі көптеген таныс тіпті, бейтаныс кісілерді еріксіз еске түсіріп отырғандығымен оқырман қауымға жақындай түскендігі жазушының нағыз психолог
екендігін аңғартады.

Кілттік сөздер: Жан диалектикасы, психологиялық мотивировка, әйел, психологизм, Қаралы сұлу, Қорғансыздың күні, Қарагөз, Ғазиза, тауқымет, кейіпкер, тән тазалығы, тағдыр тәлкегі .

«Әдебиеттік шығарманың ең қасиетті міндеті – адамның жүрегін, жанын, жалынды ойын кең де терең де ашып бере білуде және адамның сыртқы белгілерін көп ескермей, ішкі әлемін суреттеуде» – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, жазушы үшін, яғни, адам жанының диалектикасын ашу, дәл айтқанда, кейіпкердің ішкі рухани әлеміне терең үңілу, жан сарайына психологиялық талдау жасау мен зерттеудің формаларын игеру басты мәселе емес пе?! Яғни, адам психологизмі, рухани жан дүниесі өзгеше бір әлем, тірлігі бар жанды планета тәрізді.
XX ғасыр басындағы әдебиетті осы әлемдік, мәңгілік тақырыптың етек алған, белең кезеңі ме дерсің? Осы ғасырдағы талант тарландарының қайсыбірінің шығармаларында болмасын кейіпкерлерінің рухани дүниесінің көңіл босатар мұнтаздай таза мұңы, сол кезеңдегі ауыр тауқыметін, ұядай жылы да нәзік сезімін ұшырата аламыз. Бірақ, олардың рухани жан дүниесін психологиялық мотивировка жағынан шебер суреттеуде Мұхтар сынды әдебиет тарланының орны ерекше.
Әдебиет сынының белді қайраткер сыншысы Бақытжан Майтановтың пікірінше: «Психологиялық мотивировка жасау үшін жазушы кейіпкер іс-әрекетінің үйлесімділігі, екінші сөзбен айтқанда, сол уақытқа, жағдайға сәйкестігі өзінің характер болмысына лайық адамның ой-өрісінің ерекшелігіне орай табылатын көркемдік шешімнің логикалық қиындығын таба білу керек. Сонда ғана оқырман қауым жазушы шығармашылығындағы кейіпкер іс-әрекетіне шүбәсіз сенеді» –дейді [1: 37].
Жазушылардың қайсыбірінің шығармасында да азаттық аңсаған бұл жандар, адал махаббат жолында құрбан болған қазақ қыздары, бұдан да зор ауыр тауқымет кешкен қазақтың бұйығы әйелдерінің жан сезімін жеткізе отырып, олардың еркіндікке жетуін өз қуанышындай көреді.
«Әйелдерсіз ошақ оты жанбайды» дегендей, әйелді қоғамдық ортаның ұйытқысы ретінде танытады. Ерлер жағы өздерімен өздері, салт ат, сабау қамшымен жан-жақта жүргенде, төңірегін уыздай ұйытып, балаларын асырап, үйлік ұйымының басын құраған да – әйел. Осы әйелге теңдік бермей, күйкі халде күң қып ұстау тек бір адамға ғана емес, барлық қоғамға жасалған қиянат екенін түйіп айтады. Өйткені, адам қоғамындағы адамгершілік – ана тәрбиесінің нәтижесі. Ал, өмірде «әділет, мархабат, махаббат» деген нәрсенің атын естімеген ананың адамды адамдыққа тәрбиелеудегі өрісі қандай болмақ?! Демек, адам бойындағы жаман қылық, жат мінездің бәрі бас бостандығы жоқ, сондықтан екі үйдің арасындағы пыш-пыш өсек, ғайбаттан әрі асып ешқайда бара алмай қалған бұйығы, рухани мүгедек әйелдің сорлылығына байланысты екенін дәлелдей келе,«Әйел басындағы тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе!» – деп жазушы өзінің ойшыл тұжырымдарын жасайды [2: 327].
Қазақ прозасындағы психологизм ағымының шығармашылық құбылыс ретінде өмірге келіп, көркемдік дәстүрге айналдырып қалыптастыруда, терең тамырланып өркен жаюына кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов зор талантымен танылды.
Жазушы өзі сомдайтын образдарда адамның іс-әрекеті мен мінез-құлқы, сөйлеу мәнері, болмыс-бітімі жағынан бірін-бірі қайталамауға, олардың әрқайсысын өз ерекшелігімен көрсетуге шығармадағы әрбір көркем образ нақты өмірдегі жеке адамдардың жеке ұлт пен ұлыс өкілдерінің әдебиеттегі көшірмесі болуына назар аударады. Осы жағынан алғанда, Әуезовтің көркем шығармалары мыңдаған адамдардың галереясы тәрізді. Жазушының алғашқы әңгімелерінің өзі оның құдіретті талант иесі екендігін танытқан болатын. Әрі оның өз кейіпкерлерінің ішкі дүниесіне үңіліп, жан құбылыстарын бейнелеуге шеберлік, нәзік лиризм, табиғат құбылыстарының да көріністерінің де адам көңіліне сәйкес суреттеуі Мұхтар талантына әуелден тән қасиет сияқты.
М.Әуезовтің суреткерлік шеберлігінің жаңа бір қырлары, жарқ етіп көз тартқан тұсы – «Қаралы сұлу» әңгімесі. «Қаралы сұлуда» жесір қалған қаралы келіншек Қарагөздің, бір жағынан, алты жылға созылған қайғылы халі, екінші жағынан, сол қайғымен күресіп, ақыры жеңіп шыққан өмірдің сезім-сезігі, тірлікті, жас тәннің тілегі, ішті жайлаған нәпсі жалын керемет психологиялық күшпен әрі шеберлікпен суреттелген.
Әңгіме мазмұнында Қарагөздің алғашында Қоңыртау елінің жесірі болып, одан кейін үлкен дау-дамай арқылы Үсен қартқа келін болып келуі және мұнда да бағы жанбай жесір қалып, бала тәрбиесімен айналысамын деп өзіндегі тасқынды, сезімді тұсап, буу арқылы өткізген бірнеше жылдары өткенімен, сол сезімнің өршіп жеңуі былай баяндалады.
«Маңайы тұлдыр болып, құлазыған жалғыздық жас сұлудың бір өзінің басында ғана қалды. Күнде тіршілігіне ырза болған жұрт ұйқыда жатқан құлқын сәріде, мұңайып батқан бейуақта Қарагөз қаралы жаулығымен бетін жауып отырып, зарланып дауыс айтатын.
— Жалғыз біткен бәйтеректей арманда өткен «алғанын» қайғылы сұлу «алтын терек – арысым» деп, аңырап жоқтайтын. Көзінен тамшылап аққан жаспен бірге, шынымен егілген қайғының сөздерін айтып, тыңдаған адамның сай-сүйегін босататын. Қарагөз қайғы ішінде кексе тартып ұлғайып кеткен де болды. Іштегі жалын мен күрсінген жүзі Қарагөздің басқа тіршілікті талақ қылып ұмытқанын білдірді. Қаралы тор тұтқынын жұрт: «жарын жоқтай білді» десті. Қарагөздің жоқтауы мен даусын барлық Ырғайлы жаттап алып, әнге салып айтып та жүрді. Кемпір-шал Қарагөзді аузынан тастамай мақтап: «байының артын бұндай жақсы қылып күткен әйел болған емес» деп аңыз қылды[3:192]
Осы әңгімеде М.Әуезов әйел жанын, сезімін жасай білу арқылы нағыз адам жанының саңлақ суреткері, психолог екенін айқын аңғартады. Шынында да егер осы шығармада автор Қарагөздің сыртқы жағдайымен ғана таныстырып, оның ішкі жан сезім әлеміне бойламаған болса, онда оқырман мен әңгіме арасында еш психологиялық жігі болмас еді. Міне, осылай әңгіменің негізгі мақсатын аша отырып, әңгіме желісіне қайта оралсақ, әңгіме соңында Карагөздің өзін-өзі ұстай алмай, көңіліне келген нәпсінің желікті желігіне жеңілуіне күмән келтіре алмаймыз. Өйткені, жазушы Карагөздің бойын билеп, ойын арбаған сиқырлы сезімнің сырын қалай және қандай жағдайлардан соң пайда болғандығын объективтік себептерін дәлелді детальдар арқылы көрсетіп берген болатын. Сондықтан да Қарагөздің қойшы шалға қарсылық білдіре алмауы психологиялық жағынан толық дәлелді. Яғни, мұны Қарагөздің байып таппаған көңіл-күйі, алай-дүлей ішкі сезімі реалистікпен суреттелген.
«Әуезов құрғақ сылдыр сөйлем құрамай, ең әуелі өз тебірінісінде толғап алып, сол тілсіз сезімді тілімен сөйлетеді. Әуезов – терең психолог, оқиғаның жан-дүниесін сілкіп-сілкіп жіберетін күш иесі» – деген Зейнолла Қабдоловтың пікіріне жазушының нағыз психологиялық шеберлік танытқан тұңғыш туындысы – «Қорғансыздың күні» атты әңгімесіндегі сұмдық қорлық көрген Ғазизаның дүниеден түңіліп, молаға кетуі алдындығы жан тебірінесі мен ызғырық боранның сұрапыл суреті айғақ бола алады. Міне, осылай жас Ғазизаның басындағы қайғы-қасірет оқушыға ерекше әсер етеді. Оқырманның назары осынау жас қызға ауады, онымен қалтықсыз ұғынған сырлас достар, оған серік болып келеді.
Ғазиза басындағы ауыр уайым не? Жазушы оны да жан-жақты ашып, енді сыртқы түрлерін ішкі сырына алып келеді. Уайымы – осы үйдегі үш әйелге ортақ. Иесіз қорада қуатсыз, қорғансыз үш әйел құлазып, зарлап қалғанда маңайдан жиылған жұрт ғазиздердің сүйегін суық қабірге салуын ойлағанда әрқашан Ғазизаның жүрегі жаншылып, көзінен ыстық жасы тамшылап кетуші еді.
Біз Ғазиза бейнесін суреттей отырып, алдағы әңгіме желісіне оралсақ, мұнда түтек боран мұрындығын өзіне алады. «Теңіз терең емес, адамның жаны терең» дегендей, жас қыз Ғазизаның ащы өмірдің ауыр тауқыметін мойымай көтеріп, жан күйзелісіне шыдап жүрсе де, одан кейінгі қаныпезер Ақанның қолына түскен кездегі былғанышты қорлығы мен зорлығы, яғни, тән күйзелісі әңгімеде жарқын суреттелген[3:26].
Уыз жас, ұяң Ғазиза тән қорлығына шыдай алмай, масқара болғанын намыс көріп, қатты күйініп, ел бетіне қараудан жасқанады. Сол уақытта өзіне тек өлім тіледі. Ол жер дүние өлімнің құрығында жететін зарын паш етеді. Әңгімедегі кеңістік тұнған вакуум секілді. Жер дүние өлім мен тұйыққа тіреліп, өлім деген вакуумнан шығар тесік таба алмай қынжылады.
Дүние бос! Кеңістік пен жалпақ әлемнің ақ түнек боранының алдында тұттай жалаңаш адам –қорғансыз адам. Кеңістік пен кейіпкер қатынасын жазушылары әрқашан шиеленістіріп, әр кездегі әр қилы тақырыптар туындаса, Әуезов әйел жанының ащы трагедиясын осылайша суреттейді.
Жазушы осы Ғазиза образы арқылы қазақ қызының жан күйзелісіне қанша шыдаса да тән қорлығына ешқашан шыдай алмайтындығын, яғни, тән тазалығының өмірден жоғары тұратындығын әңгімеде айқын көрсетеді.
Осы әңгімелердегі Қарагөз, Ғазиза сияқты бас қаһармандардың тағдыры, мінезі, сезімі, іс-әрекеті өмірдегі көптеген таныс тіпті, бейтаныс кісілерді еріксіз еске түсіріп отырғандығымен оқырман қауымға жақындай түседі. Өзіндік мұңдылығымен, табиғилығымен мәңгі есте қалатын, өмірде көптеген протоптиптері бар образдар.
Сондықтан, біз бұл шығармаларды реалистік психологизм принципін басшылыққа ала отырып жазылған көркем, шыншыл туынды деп есептейміз. Осы принцип бойынша кейіпкер жанарындағы нұр мен мұңның құлпырып құбылуын қалт жібермей, адам жүрегіндегі күйініштің табын айнытпай жеткізуде үлкен шеберлік танытқан Мұхтар сынды талант тарланымыздың құдіреттілігіне қалай таңданбауға болады?!
Жазушы қоғамдық өмірді әр қырынан бейнелеудегі әңгіме жанрының, оның әр алуан түрлерінің ұтымды келетін жақтарын көре білген және сан алуан адамның жан дүниесін, мінез-құлқын, іс-әрекетін адамдық,адамгершілік секілді гуманистік принциптер тұрғысынан бейнелеуде ұтымды пайдаланған. Әңгіменің поэтикасы бейнелеу әдісі жағынан алсақ, өмір құбылысын суреттеуде, әсіресе, әйел характерін, мінез-бітімін ашып көрсетуде жазушы шеберлігін танытқан.
Портрет пен авторлық сипаттау, табиғат суреттері, кейіпкер сөзі және диалог, кейіпкерлердің іс-әрекетінің сюжеттік қақтығыс арқылы көрсетуі, оқиғаны баяндау тәсілі – осының бәрін ораммен, керекті әрекеттерде пайдалана отырып, М.Әуезов сан алуан әйелдің психологиялық бейнесін типтік дәрежеге көтеріп сипаттап бере алған.



Қолданылған әдебиеттер
1. Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі. – Алматы: Жазушы, 1987. – 37-б.
2. Әуезов М. Адамдық негізі – әйел // Таңдамалы шығармалар жинағы. –
Алматы: Жазушы, 1997. – 327-б.
3. Әуезов М. Кінәмшіл бойжеткен. – Алматы: Жалын, 1994. – 26-б., – 192-б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *