БАЛАЛЫҚ ШАҚ

 

Қайран, балалық-ай десеңші! Алыста қалған арайлы адал таңдарым менің. Онда мен кіп-кішкентай сәби едім. Ал айнала таулар да, үйлер де, жылқылар да – бәрі-бәрі үлкен болатын. Адамдардың бәрі «айналайыннан» басқа сөзі жоқ, кілең мейірімді жандар болып көрінетін… Қария кісілердің сақалынан қасиет-қадір белгісі көрініп тұрар еді маған. Ер мінез жігіттердің кесек тұлғаларынан, шашбаулары сылдыраған қыз-келіншектердің жүріс-тұрысынан мен адамзаттың асқақ сұлулығын түйсіксіз байқағандай болармын. Солардың бәрі мені аймалап, сүю үшін жаратылған жандар сияқты сезілуші еді.
Ол-ол ма, анау асқар таулар, етектегі еңісті шексіз дала, көгілдір аспан, түнде жымыңдаған жұлдыздар, толықсып туған ай, жасыл жайлау – бәрі-бәрі тек маған ғана елжірей қарап, мені ғана аймалап әлдилейтін сияқты еді. Дүние сенің сәби көзіңмен көргендегідей өмір бойы қайырымды, аспаны – күмбез, желі – жібек, әдемі ертек болып тұра берсе, кәне.
Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан мен қатты қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын. (165 сөз)

(Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабынан)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *