КЕРТОЛҒАУ

 

«Кертолғаудың» екінші тарауы басталғанда күйшінің шебер саусақтары құлдилай жорғалап, екі шекті қат-қабат, алма-кезек шалып, бірде толғай, бірде іле, бірде шымши шертіп, текіректеген дыбыстарды сапырып жіберді. Төрт рет қайталаулар көкейге еріксіз құйылды. Үшінші тарау алғашқы екеуінен де әсерлі шықты. Булыққан, үйірілген, боздаған дыбыстар бас қосып, бейне бір хормен ән шырқағандай, аңқылдап, аңырап кетті. Шанақтың ішінде жатқан сиқыр жыршылар өз тілінде шежіре шертті. Осынау «Кертолғаудан» ұшы-қиырсыз сахараның сан ғасырлық кейпі, сансыз ұрпақтың бастан кешкен тіршілігі, шері салтанатты көрініс беріп тұрды. Өмірдің өкініші мен қуанышы аяусыз әлдиледі. «Кертолғау» кейде сайын сахара шырайындай, шаң тимес саңлақтай, кейде саналы салдай елестеп, әр пенденің арманындай әсер етті. Тіл жеткісіз сұлу дүние көңілдің көзін ашып, ынтық сезімдер туындатты. Біреулер тамсанды, біреулер күрсінді, енді біреулер демін ішіне тартып сұрланды. Таңсықбайдың басында қызығу мен қызғаныш сезімі қатар ызың қақты. «Біз неге адам түйсігін дәл осы «Кертолғаудай» жеткізе алмаймыз?» — деп ойлады ол. – «Толғауы тоқсан қызыл тілдің» құдіреті күйден неге кем? Абай не себептен ән шығарған?! Қазақтың музыкасы басым ба, әдебиеті басым ба?» Осы алуандас сұрақ, күдік, толғаныс көңілден шықпай қойды. (174 сөз)

Тәкен Әлімқұлов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *