Қойшы үшін қыс қиыншылығы, қой төлдету науқанының бар азабы артта қалып, жарқырап жаз шыққан. Жарқырап жаз шыққан соң, бәрі ұмытылды.
О, жаз!
Жаз жарықтық ессіз ғой. Жан-жануарды масайратып, тыраң-тыраң күйге түсіретін. Ескі-құсқыны өртеп, ауланы аластап, жаңа шуаққа, жаңа игілікке қарық болған ауыл адамдары енді қайтып күз туып, қыс келмейтіндей одыраңдасушы еді. Арқа-басы кеңейген жер мұртынан күліп, барын киініп жасанатын. Алтай жазы ерекше ғой. Бірақ осыншалық ғажап сұлулыққа да бой үйреніп кетеді екен. Әсіресе, қойшы шаруасының қамымен жүріп, көп-көп қызықтан құр алақан қалатын. Жарықтық жаздың келтелігі сықылды, өз ғұмырының да босқа өтіп жатқанын ойлар. Қырда қой өргізіп тұрсаң – күн ұзын, қой күзетсең – түн ұзын, ал осы таусылмас күйбең тірлікте өмірдің өте келтелігін бағамдамай да қалар. Өйткені әрбір тірескен қаракеттер, кейінгіге ірке тұруға болмас істер кимелеп, кеңінен ойлатпай, өз-өзінен есеп алғызбай, уақыт деген ағыстың жал толқынында қармануға тал таппай, қойша ағып бара жатыр. Кейде осы кейпіне өзі дән риза да секілді боп көрінетін. Кеңпейілді жазда жайлауға шыға сала, аздап серпілетіні, серпілетіні рас.
(О. Бөкеев, 160 сөз).