Қалың қарды жамылған ақ дала. Айналада көз тоқтарлық бұдыр жоқ. Ақ кебінге оранған дүние ұзақ ұйқыға батқандай, өлім тыныштығындай зор тыныштық басында бағып ұйықтатып тұрғандай. Тіршіліктің бір белгісі білінбейді. Көзге түсетін жан иесі жоқ. Жер жүзі тылсым буғандай; ызғарлы қар, суық аяз тас қылып қатырғандай.
Аспанды ажарсыз бұлт қаптап алғандықтан, таңертеңнен бері күн көзі көрінген жоқ. Кір басқандай болып, жабырқау тартып түнерген сұр бұлттар кәрі көңілге келген қажыған ойдай болып, қамсызданып, жүдеу тартады. Алыстағы көлбеп жатқан жоталар, биік таулар түс ауғаннан бері қарай ептеп қарауытып, мұнарланып келеді. Даладағы күңгірт түс басы биік тауға аз-аздап жайылып жеткендей.
Мұңайып қайғы басқан ұзақ далада көз тоқтайтын қарайған – алыстағы ақ таудың бауырында тұрған жалғыз қора. Көз ұшында қарауытып, нобайы көрінген ауылдан жұлындай болып шығып жатқан жіңішке түтін көрінеді.
Айналасында қарауытқан малы, қыбырлаған жан иесі жоқ. Ызғарлы аяз жан иесінің бәрін де жауратып, жүдеу тарттырып, жылы жайды іздеткендей. Айнала жансыздық, өлім ызғарлы ауылға өзінің таңбасын басқандай. Күн батпаса да, аспан қоңырқай тартып қараңғыланып, тау түнеріп, сұрлана бастап, бейуақтың мезгілінде бұлттың түсіне қосылғандай. (167 сөз)
(М.Әуезов «Қыр суреттері»)