Жартастар жатыр безеріп,
Тұрғандай күн де телміріп.
Қаталап, ерні кезеріп,
Ат жалын құшты ер жігіт.
Зорықты білем, киік те,
Көтерілмей өкшесі,
Шығандай алмай биікке,
Бұлтаңдай берді бөксесі.
Болдырып өзі-өзінен,
Бұрылып артқа алды да.
Жарқ еткен тана көзінен
Жалыныш оты жанды ма?!
Үздіріп әбден үмітін,
Құтқармай мүлде қыспақтан,
Қасқырдай әлгі жігітің
Қарғып бір сонда түсті аттан.
Бәкісін алды бөгелмей:
«Азығым болсын бірер ай».
«Қайтейін, көндім» дегендей,
Бүк түсіп жатыр құралай.
Бұзаудай болып байлаулы
Шыдамай жатыр шерменде.
Бәкінің жүзін қайраулы,
Тамаққа тақай бергенде.
Өшкендей болып арманы,
Бұлдырап кетті жан-жағы,
Батырлық қалып жайдағы,
Жігіттің дәті бармады.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ