Жігерін оттай лаулатып,
Жігітті дала аңсатты.
Сары адыр белмен заулатып,
Сәскеде шықты салт атты.
Шулаған құстар айнала,
Шарықтап ұшты аспанға.
Түсіп ап жолға сайраған,
Торыға қамшы басқанда.
Жусанды дала өлең мен
Дүзгендер өскен тырбиып…
Алдағы асу белеңнен
Кездесе кетті бір киік.
Зымырап дала табанда,
Еріксіз жанар қаратқан.
Арғымақ па, әлде адам ба
Ағындап ұшып баратқан.
Қайнаған қыз-қыз қаны бар
Бөгет пе тау-тас жердегі.
Сынаптай аққан жануар,
Сүмектей болып терледі.
Ала шаң арттан ілесе,
Адырдан әрі асырды.
Біресе зулап,
Біресе
Саябыр тауып басылды.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ