Мен өнерге қатты қызығып, қатты қызыққанымнан қатты қорқып, осы уақытқа дейін аяғымды аңдап басып, абайлап келдім. Сондықтан да мамандығымды керемет қастерлеймін, қатты сыйлаймын және одан қорқатынымды жасыра алмаймын. Қастерлейтінім – актерлік дегеніміз – адал мамандық, таза тірлік. Актерлерге Алланың нұры жауған. Олар – Құдайдың сүйікті құлдары.
Бәлкім, «пенденің бәрі – Құдайдың сүйікті құлдары» деп уәж айтарсыз. Ол да дұрыс. Алайда актер Құдайдың сол көп сүйіктілері – адамдардың тағдырымен, жанымен, жүрегімен, ой-арманымен жұмыс істейді. Оның объектісі ¬– адам. Дегенмен, актер дегеніміз жүрегін, жанын, ақыл-ойын адамға арнайды.
Ол мұңайса, ол қуанса, ол жыласа, адам үшін жылайды. Актерлік мамандық адам тағдырынан айналып өте алмақ емес. Осы қасиет – актердің «екі қолға бір күрегі». Сыйлайтыным да осыдан.
Қорқатыным – актер болу анау-мынау адамның қолынан келе бермейді. Сонан соң мұндай ардақты мамандықты алып жүру үшін де, оған сай болу үшін де, шынында да, бөлек жаратылу керек. Тұла бойыңда тектілік, тұлғалық қасиет болу керек. Бұл қасиеттер биіктік пен кеңдікті қажет етеді, сондықтан осындай талаптар ойыңа түскенде, сол деңгейден шыға алам ба, жоқ па деген үрей жаныңа маза бермесі хақ. (166 сөз)