Ажар сөйлеп отыр.
— …Бекінгенім өлім еді. Тәңірінің жарық күні сөнген еді мен үшін. Көк тамырда тірлік қаны емес, өлім көлеңкесі жыбыр қағып жылжушы еді. Нарымбет алмақшы, қаралы күн бітпекші, үш қатынның бірі боласың деген дағдылы зорлық әмір келді тірліктен. Шошына кірді қаралы мұңды отауыма. Мен өлімге бекіндім. Тек қана сол шақта барлық жастық жүрегімнің әлсіз нәзік тіліндей боп ән жетті бір жақтан. Әуелі менің арманды, қыршын өмірімнің иманы болар дедім. Бір түн емес, көп түндер естушем. Менің ғана тірлігімнің зары. Менің ғана жүрегімнің өзіне ғана айтқан сыры деушем. Бір түні ән жақындады. Бақсам айтушы кісі бар екен. Жердің, адамның әні екен. Ессіз болдым. Құрымақ болдым. Бұрынғы көп түндер қиял серігім болған шағын ойладым, сол әнді еске алып тұрып өлмек болдым. .
Тағы айтып отыр. Абайдың көзі жасқа толғандай… Соншалық ағалық мейір шафқатқа, алғысқа толып телміріп қапты.
Сырттан суық, бірақ күрсініп тыңдайды.
-… Қара түнде мойныма арқан тағып, енді асылып өлмекке жеттім. Сонда арқанның шалма тұзағы кеңейіп, екінші бір бас келіп, арқанға бірге асылмақ болды. Ән…ән иесі сол екен. Оның өлімге бірге басуға бекінгенін көрдім де, тірлікке мен өзім шақырдым. Ол емес, мен бастадым қарсылыққа! – деп тоқтайды.
Сырттан Ажар жүзіне, соңғы сөздер тұсында үрке қарағандай қадала қарап қалып, енді баяу күрсінді:
— Қылған ісің жат еді. Сырың да сондай жат екен. Ата жолдан, қаралы қалдан аздырған сені ән екен. Сыры бөлек ән екен. Өзің білемісің, есіңде ме сол ән.
Ажар жүзі бақыт ұшқынымен жалт еткендей болады. Ол ер, шыншыл жүз.
— Білемін… Есімде… — дейді.
— Айт ендеше.
Бұл күнге шейін тастай боп, қатып отырып қалған кемпірлер шоқ түскендей бүлініп, түлен тұтып қалады. Сұмдық күтеді. Абай Ажарға сүйеніш болғандай ағалық мейріммен, болымсыз жымиып қарағандай. Ажар жүзін Абайға бұрып, рұқсат сұрағандай қарайды. Бөгеледі.
— Білмекпін мен барыңды. Айт сол аздырған шыныңды. Барлық бөгде сырыңның ұшығына жеткіз көзімді, — дейді.
…Ажар Абайға қарап ән айтып отыр:
Амал жоқ қаттым білдірмей,
Япырмау қайтып айтамын.
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Ән өзгеше шерлі жүрек мұңынан бу алған. Соншалық ыстық жалын шалып тұрғандай.
Талайсыз бақытсыз мен сорлы
Еріксіз аттап ұяттан.
Қорлыққа көндім бұл құрлы,
Байқалар қалым бұл хаттан.
Тоқталмақ сияқты еді. Сырттан қадалып тыңдап қапты. Абай көзіне кәрі жартас арасынан, сусап созған ыстық қызыл тас арасынан күміс бұлақ мөлдір суы ойнап, аға жөнелген тәрізді. Абай тағы айт дегендей телміре қарайды. Сүйсініп, мейір атып қарайды. Жалын шалған ыстық жүз, жасқа толы нұрлы көз ұяттан алыстап, биік кеткен сияқты. Сол Ажар, ол тағы айтып барады.
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыш.
Жас бала жайып саусағын
Талпынған шығар айға алыс.
Ән тоқтаған. Сырттан түнеріп қалған қалыптан дүр етіп оянған қарт бүркіттей, шоқтығы шығып:
— Кім айтты? Кім өлеңі бұл өлең. Жоқтау сөзін жойдырып жалын тастаған кім бұл өлеңмен, айт!
Ажар көзін төмен салады.
Қолданылған әдебиет
1.М. Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 11- том// Алматы. Жазушы баспасы, 1982, 360-361 бб.