Уақыт жоқ, кеш, ару,
Күт бізді әнменен.
Саусылдап бес қару
Аттандық таңменен.
Қараңғы түндерде,
Ойнады от лаулап,
Аяулы гүлдерге,
Түседі оқ саулап.
Майданның алаңы –
Батысқа ағамыз.
Күннен-күн барады
Алшақтап арамыз.
Қарай бер, қара көз,
Күте бер, хат-хабар.
Жазылып жара тез,
Кездесер шақ болар.
Қайғымен егілме,
Өзіңді нық ұста.
Жаздың бір күнінде
Қайтармыз шығысқа.
Нұр жауып ала бұлт,
Гүл өсер жолдарда.
Жасарып, жаңарып,
Тұрармыз орманда
Сырбай Мәуленов