Мәтен Бижановтың шығармаларындағы теңеулердің жасалу жолдары


Көркем әдебиет тілі кез-келген халықтың тіл байлығын, сөз саптаудағы ерекшелігін көрсетеді. Көркем сөз бен көсемсөзді қатар алып жүрген қаламгерлеріміз тілімізді жаңа сатыға көтеріп, тілдің өрісін кеңейте алады. Сол себепті сөз зергерлерінің қалдырған мұраларын зерттеу біздің мойнымызда.
Осы мәселе жайлы академик М.Серғалиев: «Прозаик, ақын иә сыншы болсын қай-қайсы да жалпы халықтық тілді пайдаланатыны баршаға мәлім. Солай бола тұра, жеке таланттың тілі деген ұғымды қолданатынымыз да белгілі. Сол шарттылықтың өзінде шындық барын тағы ескермеске болмайды, өйткені көпшілікке етене таныс сөздерді жаңа қырымен, соны бояумен, өзгеше өңімен жұмсай білушілік – жазушы талантын танытатын құбылыс [3; 134]», — деп өз ойын түйіндеген ғалымның пікірімен толық келісе отырып, автор тілін зерттеудің маңыздылығын айта кеткен жөн. Осы ретте, Мәтен Бижановтың сан қырлы дарын иесі екенін ескеріп, шығармаларында қолданылған көркемдеуіш құралдардың ішінде теңеуді ерекше атап өтпекпіз. Оның бірден-бір себебі, автор теңеулерді ұтымды пайдаланғанын байқауға болады. Әсіресе, табиғатқа қатысты салыстырулар көптеп кездеседі. Қысқаша зерттеу жасамас бұрын, ең алдымен теңеудің анықтамасы мен жасалу жолдарын анықтап алу басты міндет болып табылады.
«Теңеу – белгісіз нәрсені белгілі нәрсе арқылы, күрделі нәрсені қарапайым нәрсе арқылы, алысты жақын нәрсе арқылы айқындап көрсету деген пікірді жиі кездестіруге болады, әрі осылай түсіндірудің бір қарағанда ұтымды көрінуі де мүмкін.
Теңеу туралы айтылғанда салыстыру үшін қандай нәрсе алынып отырса, соған көбірек мән беріледі. Асылында, мәселе тек онда ғана емес. Сол салыстыру арқылы сипатталып отырған құбылыс, нәрсе қандай, оның нендей ерекшелігі көрсетіліп отыр және екі нәрсені теңестірудің өзінен қандай мағына туып, ой аңғарылады – міне, алдымен осылар толық ескерілуі тиіс»[1;18]. Осы пікірден ой қорытар болсақ, теңеу жасауда салыстыру неғұрлым дәл болса, теңеу соғұрлым сәтті болады. Сондай-ақ, ғалым теңеудің жайдан-жай жасалмайтындығын да алға тартады. Теңеуді қолданудың өз реті бар.
Қаламгердің жазушылық талантын танытатын басты белгі – шығарма тілінің көрікті, көркем, әсерлі болып келуі. Сондықтан суреткер теңеу сияқты көріктеу құралдарын жұмсайды. Жазушылар көркемдікті беруде ана тілінің ғасырлар бойы қалыптасып, белгілі бір бояумен айтылатын теңеулерін де пайдаланады. Солардың қалыбымен өздері де жаңа теңеулер ұсынады.
Қазақ тіл білімінде теңеудің тілдік объект ретінде танылуына елеулі еңбек сіңірген профессор Т.Қоңыров, оның пікірінше: «Теңеу дегеніміз — ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік тәсіл, әрі таным құралы» [2; 7] болып табылады.
Кез-келген тілдік категория сияқты, теңеулердің де мазмұнына сай формасы болады. Оның тілдік табиғатын тану үшін, синтаксистік құрылымы мен жасалу жолдарын анықтап алу қажет. Жасалу жолын анықтау барысында келтірген анықтамаларымыз дәлелді болу үшін М.Бижанов шығармаларынан мысалдар келтіреміз. Т.Қоңыров академик Қ.Жұмалиевтің пікірін қолдап, қазақ теңеулерінің он жасалу тәсілін көрсетеді:
1. –дай, -дей, -тай, -тей, -дайын, -дейін, -тайын, -тейін жұрнақтары көмегімен; Мысалы, Мәтен Бижанов шығармаларының ішінде «Ақбұлақ» әңгімелер жинағы мен «Ескі дәптер» жинақтарындағы теңеулердің осы жасалу жолы жиі кездеседі.
Бұлаққа қарағанда көздің табиғаты бөлек. Киіз үй орнындай қазан шұңқырды жағалай өскен қалың құрақ пен тал шиелер шар айнадай жалтырды күннен тасалап, қорғап тұрғаны. Кіндік қаны тамған жерден ұзап кетіп, жатбауыр тартқан шағында нәресте көңілін алау-жалау күйге түсіріп, жұдырықтай жүрегінде сағыныш отын тұтатып, әй-түйге қаратпай жетелеп әкелетін бір құдіретті күш бар4;4. Жолсоқты болған шығарсың, сонда да мына біз сияқты құлаққа ұрған танадай ғарыпқа көрген-білгеніңді айта отыр4;43. Қақпанға түскен қасқырдай шолтаңдаған немеге қиятын далада жатқан қыз жоқ, білдің бе… 4;45.
Қыс келбетің: ақ шәлісін жамылып,
Жеңешемдей тысқа шыққан жалығып,
Жарын күткен жанға ұқсайсың көктемде 
Көк теректер көк торғынға малынып.
Қарақат көз жаздың түні  тұп-тұнық,
(Ғашық сырын тыңдау  бұл да мықтылық) 5;12.
Көсіліп жатты көше-үй,
Тізіліп дала қазындай,
Төгілді сонда неше күй,
Сұлудың салған сазындай 5;13.
Зеренді аялаған анашымдай,
Абай айтқан көзінің қарасындай.
Қыздары  қырмызыдай, ұлдары  мәрт
Баршасы неткен ғажап жарасымды-ай 5;21.
Біресе нөсер боп төккендей,
Жаныңа рахат бір табасың.
Біресе самал боп өпкендей,
Бой жазып, сергіп бір қаласың.
Қайқаң етіп самұрықтай аспанға,
Көтерілді болат қанат самолет.
Жер ғой қызық, қызық екен аспан да,
Нәзік қолдар қалды қарсы алам деп 5;17.
Жыр көгіне шығандаған қырансың,
Эльбрустай асқақ қарап тұрасың5;31.
Жоғарыда көрсетілген мысалдардағы қасқыр, тана, айна, орны, жеңешем, қаз, саз, анашым, қарасы, төккен, өпкен, самұрық, Эльбрус сөздеріне –дай, -дей, -тай, -тей, қосымшалары жалғанып жасалған. Тағы бір атап өтерлік жағдай қасқыр, тана, қаз, самұрық деген сөздер тақырыптас болып келеді, яғни барлығы да жануарларға қатысты.
2. –ша, -ше жұрнағы көмегімен;
Бұл тау  волюнтаризмнің құрбаны болған, — деп тікесінен кетті. Иван қарт «түсінбедім» деген кісіше таңырқай қараған мұның жүзіне4;21. Алғашында мына сөздің мәнісін аңғара алмаған меңіреу кісіше сұлық отырғанымен санасына енді ғана жеткендей Құралай кемпір бетін басып, екі иіні селкілдеп тұншыға жылады.
Мына мысалдардағы кісі сөзіне -ше жұрнағы жалғану арқылы салыстыру жасалып тұр.
3. шығыс септігі жалғауы көмегімен;
4. секілді, сияқты, тәрізді, іспетті сөздерінің көмегімен;
Арнайы білім болмағандықтан жиырманың үстіне шықсақ та газет дегеннің алдында өзіңді кәдімгі сәби сияқты сезінесің.
Құм тас арасынан жоғары қарай шиыршық атқан ақ моншақ тізбегі баланың былдыры сияқты белгілі бір әуенмен әндеткен бойы су бетіне өріліп шыға бере, бырт-бырт үзіліп жоқ болып кетеді 4;4. Шүйкедей кемпір соның бәріне лыпып тұр. Сорпа-суан ішкізді, азғантай быламық сияқты бірдеме жегізді4;75. Осынау тас үңгір Кенесары үшін ғайып ерен, қырық шілтен қонақтаған, әулие-пайғамбарлар түнеген, аруақты атасы Абылайдан қалған жәдігерлік іспетті қадірі мен қасиеті мол орын еді-ау 4;152.
Жоғарыда терілген мысалдар сияқты, іспетті сөздерінің көмегімен жасалып тұр. Тіркестер өте сәтті шыққан, автор тілінің орамдылығын көрсетеді. Мәселен, бұлақтың бастауынан шығып жатқан дыбыстарды баланың былдырына теңеу, үңгірді Абылайдан қалған қадірі мол жәдігерге теңеу.
5. бейне сөзі көмегімен;
Көкше еркесін көргеніңше асық қып
Ынтықтырған бейне арудай Зерендім5;21.
Толқыны тыным алмаған
Аспанға атып көбігін.
Осы бір толқын аумаған
Бейне бір менің көңілім.
Келемін таңмен ертерек,
Жылы леп есті қарсы алдан,
Қыз  қайың  балдыз еркелеп
Жездесін бейне қарсы алған 5;12.
Құдайға шүкір, өмірде,
Аяулы достар жетерлік.
Уайым жоқ одан тегінде
Көтеріп құстай кетерлік.
Ал қайсыбір бейне көлеңке,
Қысылсаң таба алмайсың.
Еңкейіп күнім тым ерте,
Жапанда қалған жандайсың5;91.
Бейне сөзінің көмегімен жасалған теңеулер қай авторды алсақ та, негізінде, поэзияда ғана кездеседі. Мәтен Бижанов аталған жасалу жолымен жасалатын теңеулерді әдемі, әрі әсерлі етіп жасай алған. Теңеулерді қолдана отырып, нәзік жырлар жазған. Мәселен, аруды Зерендіге, толқынды көңілге, желді жездеге, көлеңкені достарға сәтті теңеген екен.
6. тең сөзінің көмегімен;
7. ұқсас сөзінің көмегімен;
8. параллелизм тәсілі көмегімен;
9. аралас тәсілдің (бейне және –дай, -дей; бейне және секілді) көмегімен;
Үлпілдеп бейне мамықтай,
Жапты жерді ақша қар5;10 .
Сұм тағдыр серпілмей күңгіртің 
Ыза-кек лаулайтын бейне өрттей
Днепр сыңсыйтын. Түнек түн
Тұмшалап еңсесін көтертпей 5;25.
Алдымызда келтірген үзінділерден бейне сөзі және –дай, -дей, –тай, -тей қосымшаларының көмегімен жасалған теңеулерді байқау аламыз.
10. қосалқы тәсілдер көмегімен [2; 11].
Т.Қоңыровтың ойынша жоғарыда көрсетілген тәсілдердің барлығы дерлік бірдей емес, яғни бір тәсіл актив қолданылса, екінші тәсіл кенжелеп қалған. Мәселен, бірінші топтағы жұрнақтар арқылы жасалған теңеулер басқа теңеулерден жиірек кездеседі, яғни олардың үлес-салмағы мол, ал екінші топтағы жұрнақтар арқылы жасалған теңеулер азырақ кездесіп, пассив қолданылған. Аталған құбылысты Мәтен Бижанов шығармаларынан көп кездестіруге болады.
Мәтен Бижановтың қай саладағы еңбегін алсақ та, қазақ тіліне, ана тіліне деген үлкен құрметті байқауға болады. Оның сөз құдіретін жақсы түсінген нағыз өз ісінің маманы болғаны анық. Қаламгеріміздің ұшан теңіздей еңбектері әлі де болса өз деңгейінде зерттелмей келе жатқаны өкініш тудырғанымен, бұл болашақтың үлесіндегі мәселе деп үміттенеміз.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы Алматы: Мектеп, 1973.
2. Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. Алматы: Мектеп, 1978.
3. Сер5алиев М. Көркем әдебиеттің тілі 1995
4. Бижанов М. Ақбұлақ. Көкшетау: Көкше-Полиграфия, 2002.
5. Бижанов М. Ескі дәптер. Көкшетау: Көкшетау университетінің баспаханасы, 2006.

 

А.Кожагулова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *