СОҢҒЫ ХАТ

Өтті тағы күз міне…
Жолықтырған екеумізді
Тіл қаттырған үздіге.
Жыл көшсе де көмескі тартпасын деп,
Жүрегімнің түбіне жерлегенмін сізді мен.
Ұмытқам жоқ, бәрі әлі есімде,
Өзіңізсіз таңдарым да, өзіңізсіз кешім де.
Қайта айналып келмесіңіз мәлім болған күні мен,
Өлілердің қатарына қосқанмын, сосын
сізді кешіргем.
Тірілмейсіз мен үшін, мейлі қанша ақтасам,
Өшпес тағы кеудемде күйе жағып, даттасам.
Кешіңізші, көргенде жылы қабақ танытып,
Жадырап тіл қатпасам,
Кешіріңіз және де бейнеңізді көңілімде сақтасам.
 
Қалдыңыз кезігіп,
Жанардан жылулық сезіліп.
Өкініш таптаған жүректе
бүр жарып тез үміт.
Таңдайға дәмі кеп бақыттың
Тамсанып, кетуші ем көз іліп.
Ал қазір бірі жоқ.
Тек қана қимастық қинайды
Кеудемде езіліп.
Алданыш іздейміз.
Азаптап.
Келемін сүйретіп сүлдемді
Құлауға аз-ақ қап.
Күйімді түсінбей қаңтардың аязы
Сақылдап күледі мазақтап.
 
Жабықтырып күрең тiрлiк, күрең күн,
Таба алмадым сезiмiмнiң бiр емiн.
Аспан жақта болғаннан соң тiлегiм,
Солай қарай сандалады жұдырықтай жүрегiм.
Алайда мен тiрi едiм!
Елдiң сөзiн естiп қалдым:
“Аман-есен жүр” деген.
Естiп алып езу жимай, күлген ем.
Жан аспанда, жұмыр жерде құр денем,
Жүргендiгiн ешқайсың да бiлмеп ең.
Бiлмегенiң дұрыс болар –
Үндемен.
Ұшып барад бiрдемем,
анау түпсiз ғарышқа.
Ей, ақша бұлт, менiменен жарыспа.
Қиялымнан жүйрiк емес шығарсың,
Бара алмайсың алысқа.
Адастырар мен баратын тұңғиық,
Бiрi жатыр тым төменде,
Ал бiреуi тым биiк.
Одан да бұл ақылыма бағынбайтын жүрекке
Берсеңдершi үн құйып.
Өтiнемiн, ақша бұлт…
 
Сары сезiм қойғаннан соң ағармай,
Көпшiлiктен саяқ кетiп, жекелеп,
Баққа келдiм жаным дауа табардай,
Өзiмдi өзiм… сосын үмiт жетелеп.
Бүтiн көңiл жарты болған, жарылып.
Ауыр екен сағыныштың салмағы.
Аңсағаным, күтем деймiн сарылып,
Сөкпеңiзшi, төзiм мүлде қалмады.
Таусылдым-ау, тауым қоса шағылып,
Саябақтан жылап қайттым, түнерiп.
Жалғыз… жалғыз жүрек отыр тағы ұлып,
Жанарыма, жамалыма мұң ерiп.
 
Асыққан ем, арман саған шақырып,
Жете алмадым, адастырды соқыр ән…
Жұрт көзiнен өзiмдi өзiм жасырып,
Жолданбайтын хаттар жазып отырам.
Құрай алмай үзiк-үзiк үмiттi,
Құлазимын, кете жаздап құрдымға.
Сен ғана ма, Ай да менi ұмытты…
Жан сырымды түсiнбедi құрбым да.
Алыс кезде көрiнушi ең Күн сынды,
Жақындап ем, ұстатпадың, сағымсың.
Көзсiз жүрек алып болды тыншымды,
Дедiң бе әлде “Сағынсыншы, сағынсын”.
Сенi iздеп сандалады жүрек,
Қайтадан жолықтырдым неге?
Тiлегiм таңда қалды түлеп,
Тағдырдан қорық, құрбым, деме.
Сен болып iзгi арманым бүгiн,
Бейнеңдi елес қылып мүлде.
Сезiм де бiздi арбады, бүрiн
Ағаштың теңестiрiп гүлге.
Аспан да моншақтарын сол күн,
Көк бұлтқа байламады, үздi.
Өзiмiз тоңсақтағы, торғын
Самал кеп аймалады жүздi.
Бiлгенмен бөгет барын, шiркiн,
Жүрегiм тыңдамайды ойды.
Бесiкке бөлеп бәрiн күлкiм
(Төбемнен түн қарайды)
Қойды.
Төселдiк-ау қала, шерге.
Жылжытпай жүр алға мұң.
Жауды талай қара жерге
Менiң аппақ арманым.
“Қапаланба, елiк тектiм”
Деп уатты өз үнiм.
Сiздi көрiп ерiп кеттiм –
Ерiдi аппақ сезiмiм.
Жанарымнан шық ұрлады…
Қырда өскен гүл едiм.
“Сүйемiн” деп сыбырлады,
Жапырақтай жүрегiм.
 
Арманымның ақ жейдесi шешiлiп,
Ақ үмiттiң қолаң шашы кесiлiп
Қалғанына кiм кiнәлi?
Әлде өзiм…
Жолыққаным үшiн саған кешiгiп.
Тағдырымның берген маған сыйы осы.
Құлазыдым.
Құлатпашы, сүйешi.
Жұмағыма жеткiзген сен ғанасың,
Сен ғанасың – жүрегiмнiң иесi.
Деушi едiң ғой:
“Жанарыңнан сыр ұғам”
Сағынышым саған қарап ұлыған
Күйде жүрмiн.
Көзiмдегi алау да
Күте-күте шоққа айналып құрыған.
 
Дәрменсіздің бірі мен,
Жан өксиді дәмесіз.
Бұрынғыдай сағыныштың тілімен
Хат жазбайсыз және сіз.
Күңгірт бөлме, тек жалғыздық қасымда,
Жүрегімді түтеді кеп түбіттей.
Алыстадық. Хабарымыз расында
Үзілді ме үміттей?
Күн өтеді еңсені езіп зілдей мұң,
Сорлы сезім мөлтілдейді ішімде.
Түнге неге асығамын, білмеймін.
Өзіңізді көрем әлде түсімде…
 
Қол ұстасып, бiрге кешiп махаббаттың бал шағын,
Жүрсек тағы, қуана алмай, жанарымнан
тамса мұң.
Кешiр менi…
Сездiң бе екен…
Құшып тұрып сағынып,
Сүйiп тұрып өзiңдi аласұра аңсадым.
Жанымдасың… тәттi сөздiң бәрiн маған арнадың.
Бiрақ, бiрақ ұша алмады қанаты жоқ арманым.
Не iстей алам?
Кеш жолықтық, тағдыр бәлкiм осылай,
Өкiнемiн.
Тiстелетiн тағы өзiмнiң бармағым.
Айтшы, неге сорлы жүрек соны ұқпайды адасып?
Бағдары жоқ болашаққа отырамын бал ашып.
Сенi көру, саған жету бақыт болса қаншалық,
Сонша қайғы шаттығыма көз алартар таласып.
 
“Махаббатта көз болмайды” деп едi.
Жаным жылып, жадырадым… Ызғарсыз.
Ойламауым мүмкiн емес, себебi,
Жүрегiмнiң лүпiлiнде сiз барсыз.
Сағынамыз… Асығамыз жетуге…
Жанарымда мөп-мөлдiр боп тұндыңыз.
Күндер күлiп, сәттер сырғып өтуде,
Содан берi бақыттымыз… мұңдымыз.
Тағдырыма ойда жоқта тап болып,
Орадыңыз бiр өзiңiз санамды.
Жеткiзе алмай сезiмiмдi жақ толып,
Тек өртенiп, жанам-ды…
 
Ағыл-тегiл ерiдiм, жылып қар – мұң.
Тiл қатпадым, тыныштық. Тынып, талды үн.
(Сезiмiмнiң алдында дәрменсiзбiн,
Жүрегiн ақылымен құлыптар кiм?!)
Қарашыққа қиялдағы тұнып бал күн
Жүрген едiм…
Қайтейiн, жолыққанда
Қолымды ұсына алмай тұрып қалдым.
Көзiңiзге құрықталдым.
Бұғаулады жанымды…
Мұң демедiм.
Күндiз – арман, түсiмсiз түнде менiң.
Жағымды ашсам, сөздерiм жоғалардай,
Жаныңызда отырдым, үндемедiм.
Түсiнiстiк тiлсiз-ақ, үн шығармай,
Лүпiлдейдi тек жүрек тыншы қалмай.
Айтары көмейiнен шықпай қалып,
Дәл мендей, Күндi көрсе тұншығар ма Ай?..
 
Сезiмiмдi тоңдыра алмас салқын да,
Кеудемдегi бәйшешегiм солмаса…
Қымбаттым-ау ауыстырмас алтынға,
Көп толқындар жалғаған телефонмен
Хал сұрайсыз…
Күндер, түндер өзгерiссiз қалпында,
Өзiңiздi сағынғаным болмаса.
Аңсағаным, сарғайғаным ғана мұң,
Ал қуаныш еншiсiнде сәттердiң.
Тыным таппай толғанады сана мың.
Елесiңiз еркiмнен тыс естi орап,
Еримiн де…
От боп денем, жанамын
Парағындай дәптердiң.
Жүрегiмнiң жасын үзiп қағазға,
Тiзбек-тiзбек жолдар етiп төгемiн.
Жеке басқа шаттық сұрап тағы азға,
Не қыламын, Жер бетiнде онсыз да
Жеңiлiс көп, құлазу көп, бақ азда.
Сосын…
Сiздi қайтiп сөгемiн?..
 
Өзiң болдың қалауым, таңдағаным,
Жүрегiме жанардан отың ұшты.
Бозторғайдың арайлы таңдағы әнiн,
Бiрге тыңдай алмаймыз, өкiнiштi.
Сағым сәтке созамыз қолымызды,
Ақ жауындай сағынышты төкпелеп.
Наз айтамын ешқашан жолымызды
Тоғыстырмас тағдырыма өкпелеп.
Өмiрiм мұң, өксiтедi қала мұң,
Жүдеу халмен өткiземiн түндi аппақ.
Жалғыз өзiм тағы кетiп барамын,
Жүрегiме елесiңдi құндақтап.
 
Түнерiп аспан, көктемнiң сәнiн кетiрдi,
Төгiлiп моншақ, құтырық жел де лепiрдi.
Нелiктен мына қайыңдар бүгiн көңiлсiз?
Жаз келмей жатып, күз болып қойған секiлдi.
Нелiктен аспан сәулесiн күннiң жасырды?
Сұрланып дала көктемнiң реңiн қашырды.
Тiршiлiк бiткен маужырап мүлде қалған ба,
Сайрауық құстың әндерi неге басылды?
Көңiлсiз дала, көз жасын төгiп тұрғандай,
Тыныштық келiп әлемге билiк құрғандай.
Ойлана алмай, мең-зең боп мен де отырмын,
Оңдырмай бiреу төбемнен қатты ұрғандай.
 
Менің хатым ерке желмен жарысқан,
Сенің хатың жетті маған ғарыштан.
Кеудемдегі күрсіністен арылдым,
Жүрегіңнің әнін естіп алыстан.
Жанарымнан жүрген кезде тайып мұң,
Жолықтың ба жолдауымен ғайыптың?
Үніңді естіп, үмітіме жан бітіп,
Тоң боп қатқан өкісігімнен айықтым.
 
Бiр сезiм бүршiгiн жарды,
Қойдың-ау көзiмнен сыр ап.
Сезетiн гүл, шырын, балды –
Әлемнен, өзiмнен жырақ –
Түсiмде едiң.
Ай тартып тым ақ сәлде,
Сәнi артқан белес-белдiң.
Сағым ба, жұмақ па әлде,
Әйтеуiр елестердiң
Iшiндемiн…
Жанымда өзiң бар ең…
Жалғыздық түнде менi
Оятты. Сөзiмдi әрең
Айтып ем, үндемедi
…Iшiмде мұң…
Ақ жауын жұбатады,
Өткенде түнiм жылап.
Тырс-тырс деп сыбырлаған
Жаңбырдың тiлiн бiрақ
Түсiнбедiм…
 
Сұрқы қашқан сұр аспан,
нелiктен күрсiнесiң?
Ойымда менiң құрасқан
Оқиық жыр – сүресiн.
Жабыққан кейбiр сәттерде
Жаныма серiк болдың.
Ашылған жүрек – дәптерге
Жыр жолы келiп қонды.
Сұр аспан қайрат бердiң,
Мұңайып, торыққанда.
Тағдырдың тәлкегiмен
Бетпе-бет жолыққанда.
Жасыңды төкшi, аспан,
Тұнжырап тұрмай,
Менен де мөлдiр тамшылар
Ағылсын тынбай.
Екеуiмiз де жеңiлдеп
Ашылайық.
Тек қана тасымайық!
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Құралай ОМАР

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *