Бауыржан Қарағызұлына

А нүктесі – алданған ақ арманым,
Ә нүктесі – әттеңі көп жалғаным.
Б нүктесі… бақытымды іздеумен,
Ғ нүктесі… ғарыш жаққа самғадым.
Д нүктесі – дөңгеленген дүние,
Е нүктесі… еркімізге кім ие?
Ж нүктесі жолықтырмай бір жанға,
К нүктесі көкірекке мұң үйе
кете барды.
Қ нүктесі. Құладым.
Л нүктесі… лағыл жасты бұладым.
М нүктесі… мән таба алмай өмірден,
Н нүктесі… «неге?» болды сұрағым.
О нүктесі… ойым онға бөлінді,
Ө нүктесі өлшегенде сорымды.
П нүктесі – пәнидегі өкініш…
Р нүктесі… Рахымды Алла оңғара ма жолымды?
С нүктесі – сабыры бар жүрегім,
Т нүктесі – ақ таңдағы тілегім:
«Ү нүктесі… үзілмейтін үміт пен
Ш нүктесі, шыдам бер» деп жүремін.
 
…Көңілдегі күдігім мен секемім,
Мендік ғұмыр – тек менікі – жеке мұң.
Минут сайын қалтыратар жанымды
Алып ғалам алдында нүкте ғана екенім.
 
 
 
 

Құралай ОМАР

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *