Қарасудың беті, өңі
Баяғыдай мөп-мөлдір.
Ала бұлттың етегі –
Көлбірейді көк теңбіл.
Жел өтінен қаңғырған
Оқ секілді жас тамып.
Жаңбырменен жаңғырған,
Көксеркенің аспаны.
Ми ішінде абалап,
Азған иттің үргені.
Үзік бауын сабалап
Жел түртеді іргені.
Бауырында түлкінің
Бұйығады мығым қыр.
Сауырында жылқының
Ай түнейді бұлыңғыр.
Есінеген торы аттың
Езуінен нұр құлап.
Торғай күйін боратты,
Шиқылымен ұрғылап.
Торсықтағы іркіттің
Шулағаны басылып.
Күн күледі Бүркіттің
Иығынан асылып.
* * *
Ала қыстан арқасы тозып өткен
Борша-борша жылап тұр
Көзі көк Тоң.
Ең жылы шың еңкілдеп
Елжірейді
Елтірісі бұп-бұйра қозы-көктем.
Бүршігімен əн салып мың шіліктер,
Көк пен жерді қосады,
Жыршы «іліктер».
Мінер жағын күн қағып
Жүр күліктер…
Жүрек жақтан ағады
Бір Сынық тер.
Қазір аман, бостанмын қауіпті
Ойдан.
Шешіледі естен кек,
Сауыт бойдан.
Сан жүз жұлдыз сөніп кеп,
Сəл тыныққан
Ақ кітап қой, мына қар
Жауып қойған.
Көбең белдің жонына
Шыққан ыстық.
Сол қыраттың шоқтығын ықтап
Ұштық.
Көктем келді! дедік те
Көкірекпен…
Көк шалғынға жабысқан
Шықтан іштік.
* * *
Əлем шұбап барады жан-жағымнан
Бал жағылған, бір жағы
Қан жағылған…
«Жəннат жоқ» – деп жылады
Жалқы Тəңір,
Жалғыз түйір масақты қалжа қылған.
Мұз қарасұр маңайым –
Темір алаң
Жазу үшін оған жыр,
Желім алам.
Тірі жандар сілтідей ой салады,
Өзіне емес,
Өзге емес,
Өлі маған.
Өлең өтіп барады Либай мен
Күндер үріп…
Сəт сайын ұлиды-ай…
«Ме-е-н…»
Қап-қара түн…
Ауылым…
Мың үй…
Сай…
Иен…
Қаратастың сауыры жылиды Аймен.
Ай шуағын сіміру істейтінім,
Күй, Күй маған сыйлайды.
Іштей тыным.
Ең тəуірі – оны мен көрмейтінім…
Ең ауыры – азырақ
Ішпейтінім…
* * *
Қайда толқып барады мына ғалам!
Жынды əуен жылымшы үн,
Жылаған əн.
Кермек судың кекілі
Қызыл бұйра.
Көңіл жүдеу, көз соқыр,
Құлақ аман.
Мөлдір шулар, қылыштай
Азуда тұр,
Миға сіңді мың түрлі
Аз…
Улы «əтір»
«Əжім-əжім əжеңнің
Əлемі — əуен!»
Қар бетінде осындай жазу
Жатыр.
Сол жазуды кім оқып, кім
Түсінген?
Түсін салып қарайды, бұлт
Ісінген.
Бір із алып жанымның
Жотасынан,
Жалғыз өлең жазайын
Ұлт үшін Мен.
* * *
Өлең сырғып барады темір мінген,
Тозаң қалмай тарады,
Небір күннен.
Сүйек артқан арбалар барады
Аулақ,
Иек артқан тіземді
Кемірдім Мен.
От шашырап оңбай бір шапалақтан
Қан саулайды қарадай
Нақақ ақтан.
Мың тамырдың төбесін тесіп
Тұрып,
Жыр сауынын жауады шапағы
Ақ таң.
Жанның бəрі содан соң жырға
Ащылап.
Тəнін басып күледі ұрғашы Бақ.
Шын күшімді сарқып бір
Күшенемін…
Тіл қыстырған құйрықтың
Жырмышынан.
* * *
Жалғыз өлең оқыдым
Тістеніп ап.
Жүре алмадым Шын ойды
Ішке нығап.
Көбесінен шіріп тұр, көкше тұяқ,
Төбесінен іріп тұр
Пістелі бақ.
Май сорғалап қазақтың
Мақалынан.
Шоқта аунап піседі қапалы
Мəн.
Ақбұйра өлең киеді бір
Түземдік.
Абылайдың күмістей сақалынан.
Өлең қайтты…
Өңшең түс… қасыңда еріп,
Өз жаның жоқ кеудеңде,
Басыңда ерік.
Бұйрығына алланың бас ұрасың.
Құйрығына тарпаңның
Шашыңды өріп.
Үнсіз үйлер үрейлі
Ит үрмейді жағы ісіп.
Біздің жаман көлеңкеміз
Қабырғада жабысып…
Əзəзілдің əптігіндей жел
Гулейді əредік.
Күздің күрең қабағымен
Күңіренді бақ іші.
Қырау болып, қырсау қонды,
Гүл бетіне жабысып.
Бұтақтардың жапырағы –
Жерге қайтты тағы
Ұшып.
Жер мен аспан
Желімделіп, көңнің
Көбіс иісімен.
Аптығың да шапқылаған
Ай дидарлы
Ақ ұшақ.
Аспан мен жер бусанады,
Бұлт жамылып табысып.
Алатаудың мейірімі кең, шалқаяды
Ақ ішіп…
Мылтық аттым, сол беймаза
Іңірде:
«Мə, бөлтірік!
Мə, қортық ит!
Мə, күшік!»
СҰРАҒАН РАХМЕТ