ӨТІНІШ

Ай туа алмай, алқапты шымырлатып,
Жез қырлар «аһ» ұра ма?
Тайқы маңдай.
Бұғып жатыр бұйра жал бұла самал
Бұйыққан жұма күнгі шайқылардай.
Өліара күлсейші бір сайқыланбай
Көңіл кетсін ойнақшып
Тай шұбардай.
Қайшы жалған тас қауып жатқан кезде
Телім-телім қанатты жайсын арман.
* * *
Секпіл қағаз сені мен не қылайын
Жаһан кезген жебір ой
Жеді, лайым.
Жел, жел маған қабағат сұғын қадап
Жетім күймен «желе бер» деді қайың.
Секпіл қағаз мен саған жалынайын
Жұқарып жүр күн санап
Қалың айым.
Тау сағымын сағалап жүргенімде
Саусағымен түртеді сал уайым.
Сал уайым.
Бəлки, мен құсамын ба?
Қайда кеттің санамды тұсадың да.
Жаның тыныш, жағаң бос, налаң қашқақ
Жатырсың ба залымның құшағында.
Гүл ыстығын көрмедім,
Түн ыстығын.
 
Бір торғайдан естідім дыбыс тыңын.
Жүрегімді осады сол бір үндей,
Сенің марғау күйдегі тыныштығың.
Гүлсіз көктем келіпті зілсіз көктем
Нəр күтемін құдай-ау, дымсыз көктен.
Көзі егілген көңілден неге кеттің
Өзегінде жібі жоқ діңсіз деп пе ең.
* * *
Сабыр түні елді ырғынға салдың ба
Ырыс болсаң пайым сыйла малғұнға.
Ренжудің қажеті жоқ
Бұл түні:
Репиннің мүсіні тұр алдыңда.
Репин асқақ, реңі пəс бар мұң да
Сағынышың сіңіп кетті
Сарқұмға.
Жетім үркер, жердің жүзі желсіз кеш.
Тағы сезім жетелейді əн жырға.
Сабыр түні,
Қандай сезім тұсады
Балдай тəтті сол мүсіннің құшағы.
Өліп-өліп жалқы қалған аспанда,
Андыз жұлдыз жалғыз көзін қысады.
* * *
Толған гүлдің дестесіне
Тоған дымы жетпесе.
Топырақтың қабатымен мен не үшін
Кектесем?
 
Тобылғының торы өңі тоңып қалған
сəуірге,
Тозаңың да қажет екен тектесем.
Бауырымен жорғалайтын хайуанда
бармақтай
Баданаға жабысады жарғақтай.
Бар дүние тыныштыққа тұншығып,
Қарайды иен қара тірлік
Зар қақпай.
Ықлымның зарламауы тек өзіне жарақат
Барлығынан тыныштықтың шапағаты
барақат.
Жалғыз ғана арбайтыны тəбеттің,
Тікенектің уысындағы қарақат.
* * *
Күн жамылған алаңымда сұм көлеңке
қағынды.
Қырқа шыңның сұрқы жүдеу, қуып
жүрмін сағымды.
Тасып өткен сезім нөсер толассыз-ау,
Толассыз,
Қасиеттің өткелі де, өткені де ағынды.
Қыналы түн, қилы күндер ағылды
Дəт-тағаты кімге қалай бағынды?
Аунап қалған жапырақтың болмысындай
боз жүрек
Аулақтанған, жаурап қалған ақ елігін сағынды.
Сағынышым, шырағданым шалқып кеткен жарығым.
Күндер марғау, түндер алау, таң ірің.
Сенің жүрер жолдарыңда адасып,
Қауызына түнеп шықтым тарының
Шалғайымен орай шауып аунатып…
Шалқыма жел шарпып өтті жауратып.
Барақат нұр, мизан соңы,
Батқа түн.
Алапат бір үн еседі за-у-ла-тып…
Мизан соңы барақат жыр «Батқа түн»
Отыра алмай омалу бар атқа тік.
Жұмақ төрі-жұмсақ шөгір жалғыздық.
Ауыз сасық,
Қолтың шірік,
Шатта түк.
Бадамша дүр,
Мамық бала тұрлаулы.
Қыз шашында күдері емес құр бау жүр.
Ертең бəлки таң атпайтын секілді
Себебі ме?
Күннің көзі шырмаулы.
Шикі бидай, шикі өтірік насыбай,
Қатқан жерде қарбыз болған басым-ай.
Жау кетіп еді жарты əлемді арқалап
Тау бетінен домалайды тас ұдай.
Жер Тəңірі жаратушы күштерден
Құзырыма қоңыр өкпе, тіс берген.
Сол тісіммен жүз ғасырды
Кемірдім,
О, құдірет не деген көп түс көргем…
 
 
 

СҰРАҒАН РАХМЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *