СҰРАҒАН РАХМЕТ ӨЛЕҢДЕРІ

Жасырып жаққан май шамнан,
Жалғанның гауһар шынысын.
Көреміз тағы жай шалған,
Алманың соңғы тынысын.
Табылған тамыр тайпадан,
Мақұрым болған бойдағы із.
Алкеуде бойдақ жайпаған,
Алғашқы түнді ойла, қыз.
25.09.2004
* * *
Таңданбасын, жаның шын
Танымыңның парағынан жұл да жаз.
Кер даланың құлағына шалынсын,
Шалқасынан жатып сарынар бұл қағаз.
Кемдігің не жаның күйге бөленер,
Ұмытылу үшін туған елміз бе?
Күн көруге үлгермесең өле бер,
Ал, немесе
Сен бізге.
Ой түбінде мұз құрсанған алау бар,
Кешікпесең табылады
Кесім де.
Ұлы сөздің ұяты арбап жүргенде,
Ұйқысырап айтқан сертің
Есімде.
Ол не?
 
Қар аралас жауған жаңбыр сый-қатық,
Көңіл-күйге райлас па ауа да?
Біреулерді, дауыл соқты қиратып,
Біреулерге зəйтүн нұры жауады, ə!
Жаз соңынан мұз жауса да бəрібір,
Еш нəрсені алмасың хақ өзгерте.
Саф алуан, қайқы кірпік, сары қыр,
Салқын түсте желбірейді бөз көрпе.
Сауады аумақ сала желіп көк сүтін,
Сан мың тылсым бірін-бірі асырап…
Жапырақтарды жылатады өксітіп,
Күміс сырнай күзгі құстай шашырап.
* * *
Сан ғасырлар тоздырған Итарқада
Көрген түсті жүйелеп,
Қиялды ақтап.
Өтпелі əннің барлығын жүйке арқалап,
Бұлқынады тамырда «зиянды аптап».
Кəрі əженің жүзіндей қараңғы-арай,
Самайында сан жылдың
Ізі қалған.
Лақтырамын, лəйім, саған қарай
Боз тұманды, күздерден үзіп алған.
Қызыл бояу əрлеген пайда несіп,
Ала сырмағы апамның
Көшіпті айға.
Бұлттың сауырын шықпыртар жайдан
Есіп
Пəктік үнін сүйрейтін көсік қайда?
 
Сыртқы лəззат, көңіл қапы андағай
Жалған күлкі езуімде өшкін бір.
Тоңған күзге сынып түсті жанған Ай
Көгал бетін желпіп күшті көш-күмбір.
Құйын төсін ала қашқан сай құрғақ
Жалқылығы қандай ғажап!
Қандай мұң?
Тоңған күзді, суға түскен Айды ұрлап,
Торғай шаққан сынық сырды
Талмаймын.
Тау жотасын, көл жағасын жиектеп,
Топ шеңгелдің қасиетті
Түбінде.
Өз басымды өзге күймен сүйеп кеп,
Бір шуақты күтіп тұрмын бүгін де.
* * *
Қыран қайтқан құзарында, мұз айдарлы құзға жет
Қиырлардың ақтығы үшін қимыл жаса,
Жол қанды.
Қолдыраған жарақатқа қосатұғын тұз қажет,
Қолыңды алып қоштасқаным – суырғаным қолқаңды.
Кеңістікке сіңем сосын, ұшам бірақ түсіңде
Ең жабайы жырын сыйлар қыр маған.
Бір дана жүр ырғақтағы пішінде
Кемпірқосақ мейірімен қасиетін шырмаған.
 
Көкше талдың бұтағынан балдай əуен құйылса,
Күй соңында шалықтайды нан иісі.
Көк үніне кəрі əжеңдей сиынсаң,
Көш дыбысын, мал жүрісін танисың.
Қаннан жиған, наннан қиған қоқымнан
Шаңырағым көтереді бос ғұрып.
Өткенге елес, келешекке шоқынған
Марш қызды Ми ішінде осқырып.
Барлық озан кері кетіп, есебі
Рухтардың ой ұясы кейде бей.
Таныс əуен тағы келді кешегі
Айналдырып киетұғын жейдедей.
* * *
Түсуін-ай, еңсенің
Несібеңде не ақым бар харам бақ,
Іші-бауырыңды ақтарамын Мен сенің
Ұйып қалған тамырыңды тарамдап.
Ұсқыным мен у жайлаған ұнжырғам,
Желкемдегі мінгескендер тебінді.
Жалғыз қаймақ – сөз іздеймін
Мың жырдан,
Жұдырыққа артып алып иегімді.
Есімді алып ебелектің кері ісі,
Еңсе тұста етегімнен шарпыды от.
Жасын түскен жалғыз аттың терісі –
Қамшыңменен құйрығымнан тартып өт.
Шабайын…
 
Сөзі емес бұл, лəйім сау адамның
Лас көзі табылды ауадан мың.
Ұстараның жүзіндей сауал
Қойдым,
Жарақаттың аузындай жауап
Алдым

СҰРАҒАН РАХМЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *