Саратан айы. Сарала тауда. Салқын қыр

Саратан айы. Сарала тауда. Салқын қыр,
Сарала тауға жұғып тұр кешкі жалқын нұр.
Жалқын нұр жұққан ақ үйдің жаны. Аузына
жаулығын бүркеп, жаутаңдай қарап жарқын жүр.
Жаутаң көз ару құбақан құлын мүшелі,
Өспірім ұлдың өңінде көрген түсі еді.
Сөзіме менің сылқылдай қатса ішегі,
Аузынан лекіп алқызыл гүлдер түседі.
 
***
Гүлі ұқсас алқызыл бір еріндерге,
Көз сүзем кербез белең, керім белге.
Көк пішен, ала бас гүл, шұбар шөптің,
Жүзіне жаудай тиіп жел үргенде.
Аспанмен бұлттар шұбап қара күлгін,
Түнерді түңлік жауып дала бір күн,
Сел жүріп, табан жақта су көбейіп,
Шуылы арта түсті анағұрлым.
Сорғалап шырша инесі, ырғай бүрі,
Талдағы тамшының да тынбайды үні.
Түу, тоңып кетіпсің ғой, дейтін қыздан
Айналып кетесің ғой мұндай күні!
 
Жұматай Жақыпбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *