Өзімді-өзім жеңе алмай жүрген бір кезім,
Жеңе алмауыма себепші – бірден-бір өзім.
Өзімді-өзім кінәлап салыстырамын,
Қабілетім кімнен кем еді, кімнен мінезім?
Бойымда барды ұқсатып жарата алмаған
Өзім ғой, өзім, дұшан жоқ оқ атар маған.
Дұшаным жоқ деу, әрине, аңғалдық болар,
Тышқанның мұрнын адалмын қаната алмаған.
Адалдығыңнан не пайда? Әрекет егер
Қаракет жасай алмаса қара көтерер.
Ақ көңіл сенің айтқыштық мінезіңді де
Астарлап алып біреулер пәлеге теңер.
Еркелігіңді біреулер есерлік дей ме,
Өзіңе сену өзіңе кесел жүктей ме?
Ығына қарай уақыттың иіле берсе,
Біреулер соны заманға төселдік дей ме?
Заманға сонда жаялық төсеніш болса,
Есебін білсе, ешкіммен есеп ашпаса,
Өзгерсе заман біз дағы жалт береміз бе,
Бүгін басқаша едік қой, кеше басқаша…
Заманға менің өкпем жоқ, қоғамға тағы,
Өкпемнің бәрін таңбаймын адамға тағы.
Жеңе алмай жүрген өз-өзін мен бе екен жалғыз,
Білмейді-ау көбі, сол мені алаңдатады.
Өзімді-өзім жеңе алмай жүрген бір кезім…
Іздеймін кейде мен сондай күндердің өзін.
Өзімді-өзім жеңемін, өлемін бір күн,
Өлтіре жаздап жүр мені құрғыр мінезім.
* * *
Табаным талай шоқ басып,
Қып-қызыл отқа күйді ерін.
Тарпаң ем, тағдыр ноқтасын
Салғызбай басқа сүйредім.
Салғызбай қайда барайын,
Артық деп пе едің мен кімнен?
Кең еді дүние сарайым
Қор болмасыма сендім мен.
Ноқтаға басым маталып
Ноқта-аға болдым амалсыз.
Ұшатын күндер от алып,
Ұшты да кетті хабарсыз.
Періште боп та, пенде боп,
Амалсыз талай алмастым.
Арамдық деген менде жоқ,
Екі аяғымды тең бастым.
Екі аяғымды тең басып
Келемін жердің бетінде.
Тағдырдың күллі таңбасын
Тәнтімін көріп өтуге.
Табаным тиген шоқтарға,
Күйдірген ерін оттарға,
Еркіндігіңде жақсы өмір,
Тағат та керек, тоқтам да!
Ырзамын тағдыр бәріне
Жүрек пен махаббат барда!
* * *
Тағдыр, басқа не салсаң да көнермін,
Қасарсаң да, қаба
рсаң да көнермін.
Тұтылармын, ұтылармын мен сенен,
Шым-шымына кім батпайды тереңнің?
Тағдыр, мені шылауыңа орадың,
Ылауыңа жегіп едің жарадым.
Тұрқыңды мен сүйрей алмай барамын,
Ырқыңды мен билей алмай барамын.
Тағдыр, саған кейде күйіп келемін,
Өзімді-өзім илеп, иіп келемін.
Шындық дейтін шылбырыңның бары рас,
Шылбырыңа сүйретіліп өлемін!
* * *
Шашыңа ақ кіріпті ғой, айналайын-ай,
Уақыт сені де жіпсіз байлағанын-ай.
Өмірге опынушы едің, опасыз жалған
Осқылап «бет-жүзің» демей ойнағанын-ай…
Өмірге опынушы едің, беу, қарағым-ай,
Тәніңді тәттісіменен аулағанын-ай.
Санаңды ащысыменен тұздықтағаны-ау,
Сөйлеуші ең «әйге» қарамай, «шайға» қарамай.
Санаңды ащысыменен тұздықтаған-ау,
Мән бермей қарайсың түрлі қызыққа мынау,
Шашыңа ақ кірген сайын аяусыз уақыт
Аяулы сезімдеріңді сүзіп қалады-ау.
Аяулы сезімдеріңді сүзіп қалады-ау,
Жүректе күрмеу де күрмеу үзік қалады-ау…
Шаштым, төгілдім, шайқалдым,
Жастық буы бар «сайтанның»
Уын ұрттадым, уыт қайтардым.
Буы биледі, уын ұрттадым
Шаштым, төгілдім, шайқалдым.
Шаштым, төгілдім, шайқалдым,
Аштым өзімді, айқардым.
Көңіл мәселін мың-сан қайтардым,
Өмір есебін шештім деп қалай айтармын?
Басып қамшымды, барыммен байқалдым.
Кімде жоқ дейсің өксік-өкініш,
Мүмкін кейіндеу бармақ тістермін,
Мүмкін мен дағы басты шайқармын.
Шаштым, төгілдім, шайқалдым,
«Өмір сүрдім!» деп айтармын!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ