Көк шалғында көбелек қудық,
Көбін ұстай алмадық.
Көбелекті неге көп қудық
Көлбеңдегеніне алданып?
Көк көбелек қолға қонбаған
Көз ұшында сағымға сіңді.
Көбелектен көбелек таңдаған
Аптық-арын басылды.
Көктем жазға ауысқанда
Көк көбелек сиреуі қалай?
Шіліңгір шілде қысқанда
Қанаты күйгені қалай?
Көк шалғын сарғая бастады,
Көбейді шегіртке шырылы.
Сары ала жаздың аспаны
Ақ шарбы бұлтын сылыды.
Бұлақтың сылдыры азайды,
Құрақтың сыбдыры азайды.
Таңғы шық сулана бастады,
Шалғындар қуара бастады.
Көктем – көбелек қанатың,
Қолың жетпес ұшпақтай.
Өтті-ау дәурен – заматың
Сырғып сынаптай ұстатпай.
Көктемгі дала…
Кең дала,
Бусанып жатты жер жаңа.
Ала қанат төскейге
Қадады уық ел жаңа.
Боз жусан басы көгерді,
Төскейге жаңа төл өрді.
Көкжиек жақтан көк сағым
Көзіңді арбай жөнелді.
Ауада жаңа, жас иіс,
Албарда құйттай жас шыбыш.
Аузымыз тиді-ау аққа да,
Баянды болғай осы ырыс.
Жөңкиді бұлттар асығыс,
Бүркеді жаңбыр жас иіс.
Қатал да болса қайырымды,
Қайырымды болды-ау осы қыс.
* * *
Өмір – сынақ, өмір – сабақ, әрине,
Оқисың да тоқисың ғой бәрін де.
Мың мехнат, мың машақат жатады
Сол оқу мен сол тоқудың мәнінде.
Махаббатты мехнаттан іздерміз,
Жүрегінде түгі барлар – Біздерміз.
Мың өліп, мың тірілерміз, сондықтан
Өмір сүрдік дей аламыз Сіз бен Біз.
Өмір сүру, өмір кешу мәніне
Жеттім деген жан көрмедім әлі де.
Тойдым деген жан көрмедім және де
Махаббаттың ащы, тәтті дәміне.
Өмір сүру күю-сүю әлі де
Сан ұрпақты салар әрі-сәріге.
Махаббаттың топырағына гүл өсер,
Қадіріне жетіп, түсін мәніне.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ