Көршімізде тұрды бір тарлан солдат,
Иығына сұм соғыс салған салмақ.
Дәм бұйырып әйтеуір туған жерге
Тірі оралған жарты әлем, жалған шарлап.
Омырауында көп емес орден-медаль,
Иығында жұлдыз жоқ менмұндалар.
Қатардағы, кәдімгі қарапайым
Мұндай атақ, әрине, әркімде бар.
Әркімде бар жарақат бар мұнда да,
Әлі күнге сыздайды әрбір жара.
Соғыс салған жараның жалғыз емі
Тазалығы солдаттық Ардың ғана.
Бұл да солай, жазылған сол емменен,
(Табиғат қой жасаған шебер деген).
Басқа ажалдан өледі, енді ойы жоқ
Соғыс салған жарадан өлем деген…
Соғыс салған жарадан енді өлмейді,
Ауруға ем бар. Аяныш емделмейді.
Соғыс салған жараның сыздауына
Ешбір ауру, аяныш тең келмейді.
* * *
Жиырмасыншы ғасырдың соңғы шені,
Неткен кемел, неткен кең, көнбіс едің?
Неткен шалтсың, шапшаңсың, шыдамсызсың,
Не болады ертеңің енді сенің?
Сен бір жіптің дірілдеп екі ұшында,
Жанып тұрған жалынның отысың ба?!
Сөніп кетсең қайтеміз бір лып етіп,
Бір лау етіп уақыт қапысында.
Сонда мынау адамзат болғалы адам,
Саған қарай үмітпен жол қараған.
Іргетас қып үмітке не қалаған,
Болашақты болжаса…не қараған.
Әлде саған сенген бе, сүйенген бе,
Сенгендігі қасиет, киеңнен бе?
Кемел ғасыр, қаншама кең болсаң да,
Көнбістікті көнтері иемденбе!
Иемденбе, иеленбе, берме иіңді,
Көтердің ғой, көрдің ғой не қиынды.
Санаңдағы салмақпен басып таста,
Шапшаңдықты, шалттықты – жел құйынды!
Жиырмасыншы ғасырдың соңғы шені,
Мен де иыққа көтерем сонда сені!
Сонда менде қорқыныш болмас еді,
Жіп ұшында дірілдеп жанған оттың,
Айтшы, Адамзат, жарыққа бар ма себі?!
* * *
Қарағым, кешір, кешірші, қалқам, ағаңды,
Уақыт құрғыр есейтеді екен адамды.
Әйтпесе сені танымай қалам деп пе едім,
Шолпан жұлдызды танымағандай таң алды.
Қарындас, кешір!
Қарағым, кешір, кеше гөр,
Көзіме бұлай түспегенің ғой кешелер.
Түспегенсің ғой, піспегенсің ғой ол кезде.
Қапылсың қандай, табиғат шебер, о, шебер!
Қарындас, кешір!
Кешір де дейтін жоқ күнәм,
Жүрегімді оттай жандырып өттің, жоқ күмән.
Есімнен танып жай оғындай бір соққыдан
Теңселіп тұрмын…
Көзімнің алды көк тұман.
Көз алдымдағы көк тұманым да ашылар,
Көңілімдегі көп алаңым да басылар.
Есіңнен тану, есіңде қалу, еске алу –
Өмірдің, қалқам, қызығы деген осылар!
* * *
Қараңғы түсті.
Көз байланады,
Түнге айналады төңірек.
Аспанда жұлдыз маздай жанады
Әдеттегіден көбірек.
Қараңғы түсті.
Қарауытады
Қарауыл таулар тұлғасы.
Ақ қылау сәуле қылаңытады,
Жұлдызға тиіп шың басы.
Қараңғы түсті.
Қарағайлардың
Көлеңкелері көз байлап,
Көлбең де көлбең талай ойларды
Құлай да жаздап қозғайды-ақ…
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ