Біздің жаққа бұлт аумай, жаңбыр жаумай құрғап тұр,
Күнде шығып күлән күн, көп бояуды ұрлап тұр.
Бір бозторғай төбеге қақырық түтер мезгілде
Боз көдеден биіктеп буынғандай жырлап тұр.
Жалғыз торғай жырлап жүр, жалқы аспаны тыңдап тұр,
Сауырын созып селт етпей сұлық жатыр сұңғақ қыр.
Сай-сүйегі сырқырап барады босып боз бұлттар,
Бей-жай бір кезде бейсауат шырқырауын-ай, тіл тапқыр.
Қарлығып шыққан құс даусы – қайраққа салған ұстара,
Қайрап қалдырған өткірлік бұйырады екен құсқа да.
Қарашықтай құс қажып кеп, қанаты талған кезінде
Қаймықпай кіріп кетердей уантып ұстар уысқа да.
Үніне сенген үмітпен аңқасы кепкен қырларға
«Ақ жаңбыр қашан төгер» деп жүйкесі құрып тұрғанда
Қара жер шөлдеп жатқан соң, шырылдап құйттай бейбіт құс
Арбаған жылан аузына жем боп түсіп тынғанда,
Жабырқап қалар жалған да.
Телефонмен тіл қаттың маған,
Тіл қаттың дағы, жыладың.
Мең-зеңмін мен де, жұмбақ бір ғалам,
Жалғыздық салды сынағын.
Сен жалғыз аңсап, мен жалғыз аңсап,
Күнәміз болса, кешірдік.
Қалды ма кейін сол минут, солай
Кетті ме өтіп, не сұмдық?!
Мен кіммін саған, сен кімсің маған
Алыстан аңсап, абайла.
Мәңгі бір жүріп, мәңгі жасаған
Махаббат бар ма, соны ойла.
Телефонмен тіл қатшы маған,
Тар емес дүние, кең шығар.
Дүние деген – бір жақсы, жаман,
Жақсылығы да мол шығар..
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ