Наурыз бенен өліарасы сәуірдің
Сілкінетін кезі көктем – дәуірдің.
Қоңыр төске қонар кезі ауылдың,
Қунар кезі көктем күткен қауымның.
Сәби таңның сәулесімен жылт еткен,
Қаулар кезі қызғалдақтың қылт еткен.
Саумал кезі – шарасында сулардың,
Самал кезі – жел қанаты үлп еткен.
Сондай шақта, сонау ауыл сыртында
Шырқ айналған жаңа маусым бұлтында,
Бір найзағай келе жатты тұтанып,
Көк аспанның көк етін бір жыртуға.
Көк көлдердің селт еткізіп өзін бір,
Көк белдердің ашқызуға көзін бір.
Көк жасылдау, бояуы аздау дүниеде
Оянсын деп басқа бояу – сезім дүр,
Өртенуге қияды екен өзін бір.
Содан кейін кемел көктем құлпырар,
Сансыз бұлақ өзді-өзінше бұлқынар.
Қыршын жасын пір тұлғасын жер көміп,
Өлара өтер…
Өлкемізге гүл тұнар…
* * *
Сабаңа түсіп кей шақта,
Санаңа түсіп күллі жүк,
Зауқың да шаппай еш затқа,
Аулаққа қашар нұрлы үміт.
Сіркең де суды көтермей,
Сезім де тумай сібірлеп.
Өз тәнің бейне бөтендей,
Жүрегің ғана дірілдеп
Жорғалап, жүйткіп шаба алмай,
Жүйкеңді бір жүк иықтап,
Қатты ұйықтап қалған адамдай
Көрпесін қымтап, тұйықтап.
Сағынып думан шақты құр
Марғау да мақау мынау ой.
Күрсіне де алмай қатты бір,
Түршіге де алмай тұла бой.
Жүретін кезің зәуде бір
Бола ма, бауырым, басыңда?
Болмай ма, айтшы, әлде бұл,
Әлде бұл біздің ғасырда?..
Мен өзім мұндай шақтарға,
Ара да тұра кезігем.
Тағдыр бір сілкіп қаққанда
Тазарған жандай сезінем.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ