КИІЗ ҮЙ

Күздің бір салқын кешінде
Лыпасыз дала қалтырап.
Беті ауған жаққа бесінде
Безеді қаңбақ тамтырап.
Кіреуке күңгірт аспаннан
Күлтілдеп тамып марғау нұр.
Жонынан жаздай таспа алған
Жалаңаш жайдақ қалды-ау қыр…
Ауыздығымен алысып,
Екінді ауа жел тұрса,
Екпіндеп келіп жарысып,
Жағаға соққан толқынша,
Кіндігін жердің суырып,
Кетердей және елірсе.
 
Қойшының үйі буынып,
Не лаж етпек, сеніңше?..
Жабындысы жоқ жапанда
Жұлынған сондай жел көрсең,
Қорықпай-ақ қой одан да,
Қаттырақ соқсын, дем бер сен.
Моп-момын, маңғаз күйінде,
Мыңқ етпей бәрін өткерген.
Қойшының қоңыр үйінде
Дауылды, желді көп көргем.
…Кереге сәл-пәл ырғалып,
Шайқалып кетсе бір уық.
Шаңырақтан шешем құрды алып,
Жалғайтын еді жүгіріп.
Қарыстай құрға көлденең
Қайқайтып сосын жүк тиер.
– Қайтеді, тәйірі, жел деген,
Қара жер сенен мықты, – дер
Соғады сыртта долы күй,
Күшеніп келіп, күпті боп…
Құйысқаны берік қоңыр үй
Табанын жерге тік тіреп.
Апталап дауыл ұрғанда,
Иіні түсіп еңкеймей,
Табаны жерде тұрғанда
Тапжылмайтұғын Антейдей.
 
өлдерім, көк жайлауларым,
Сағынып сендерді ойладым.
Ырғайлы белдерді ойладым,
Ырғалған көлдерді ойладым.
Ыңыршағы айналып жатқан
Ыраңды жерлерді ойладым.
Құйысқанын көтеріп соққан
Ылаңды желдерді ойладым.
Шық сіңген қара оттарыңнан
Қара мал күйіс қайырған,
Мүк сіңген қабақтарыңнан
Мүңкіп бір иіс жайылған
Құйқалы қырларды ойладым.
Қоғажай нуларға қонған,
Мамажай мамыр құстарым,
Сәскелік шулардан аман
Сәтінде қолымда ұстадым,
Момын құс сендерді ойладым.
Кірпігім айқасып кетті
Көбірек ойланып тұрып,
Сағыныш шаршатқаның ба?..
Анау жыл қой бағып жүріп,
Осылай тұратын едім
Астана аңсатқанында…

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *