БОРАНДЫ ТҮНДЕ


Қап-қараңғы үрейдің арқасындай
мына Түннен азырақ қорқасың да.
Күлген сайын сырттағы күрең боран,
Жын жылайды пешіңнің қолқасында.
Сені қоса жылата жаздағаны-ай!..
От ойнағыш қап-қара көзде ғана.
Ботасынан айырылған боз іңгендей,
боздайды кеп көшеде боз бағана.
Бар-ау сенің өткенге өкінерің?..
Сыртта боран сәт сайын екіленіп,
кейде адамша күрсінсе,
кейде
үнсіз
терезеңді жалайды, мекіреніп.
Киелі Өлөң өзекте өлтіріліп,
Ай жоғалар Аспанда, Жер түгілі!..
Жатыр неге қыңсылап сендік жүрек –
көз ашпаған бір мұңның бөлтірігі!..
Қап-қараңғы.
Үрейдің арқасындай
мына Түннен азырақ қорқасың да.
Сыртта боран булығып,..
Жын күледі
моп-момақан пешіңнің қолқасында.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *