БІР БӨЛМЕДЕ

Бір аға ақын үйінде
Төрінде – Ғабдол Сланов.
Бір-екі ақын бүйірде
Сыбанып, сөзге сұранып,
Көңілді бір сәт үй-іші,
Кернеген әзіл сөз екен.
Ақындар әбден тынысы
Кеңейіп алған кез екен.
…Бір кезде асау жыр кетті
Толқынын төгіп, лақтырып.
Жаңағы дуды, дүрмекті
Су сепкен өрттей сап қылып.
Жарықтық, жырдың қуаты-ай,
Жарықтық, сөздің сиқыры-ай,
 
Төрт қабырғаға құп-құйттай
Қалайша сыйып тұр бұлай?!
– Жыр үшін, – деді аға ақын,
Орнынан Ғабдол тік тұрды.
Желпіп бір жырдың қанаты
Биіктік сырын ұқтырды.
Сонда мен жырдың – жалынның
Қызуы шарпып шоқтандым,
Мейірімі, нұры тәңірдің
Осы емес пе екен деп қалдым.
Жырдан соң бәрі жымда-жырт,
Шала сөз, тынды шала дау.
Өзімен-өзі мына жұрт
Есікке сонда қарады-ау.
– Бұл бала кім ед, төрлей ғой, –
Дегенде Ғабдол Сланов,
Жырды мен келіп бөлгендей
Қарадым жерге ұялып.
Тұрып мен сонда есікте
Кірердей жерге қысылғам,
Аяғын шешпей мешітке
Кеткендей еніп мұсылман.
* * *
Екі ауылдың ортасы жалғыз төбе,
Өзен бойы көк құрақ, жалбыз, беде.
Жасақ ертпей жаныңа, жыңғылдардың
Жықпылымен келмейсің жалғыз неге?
 
Жалғыз неге келмейсің көп именбей?
Біздің жаққа кеттің ғой көңіл бөлмей.
Жалғыз болып жүрмін мен, жәудір тамшым
Жапырағымнан жәудіреп төгілгендей.
Зәмзәм құяр сен менің құмырамсың,
Зәмзәмімнен бір жұтсаң құнығарсың.
Кездесуге апталап келмей кетсең,
Кермек суға көлденең ұрынарсың.
Қосылмаған зәрулер кемде-кем бе?..
Ғашықтықтың ауруы меңдегенде,
Түтінін де қызғанам екі ауылдың
Қолтықтасып төбеде көлбегенде.

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *