КӨКТЕМ


Болмаса да тым шұғыл орындар түк,
ерте тұрам (төлдегі тәлім-тәртіп).
Қаңқылдаған әуеде сары ала қаз
тауға қарай өтеді, «горн» тартып.
Иірілер шаруаның ұршығы – мен.
Сақманға әу баста құлшынып ем.
Қошақандар тойып ап,
балықтардай
балтырымды түртеді тұмсығымен.
Батыста – мал, мыңғырған, шығыста – мал,
мыңғырынан көңілің тынышталар.
Иін әбден қандырып илеуінің,
ширатысқан мұрттарын құмырсқалар.
Мұңның мені мүмкін бе иектері?
Мұндай бола қоймайды күй өтпелі:
құшағына қыз – самал енген сайын,
балқи түсер таулардың сүйектері.
Айналаны алғанша ымырт қамап,
гүлдеп жатқан кең Дала – түлікке бап.
Қалпағыңа, шешсең-ақ, бұл маусымның
үлгереді торғайы жұмыртқалап…

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *