ИСАТАЙ МЕН НАУША БАТЫР ТУРАЛЫ

Бірікпеді екеуі
Осы айтылған кеңесте.
Сұлтан Сыйық Берішпен
Ат құлағын теңесті.
Ерегіс қазақ еншісі
Алалыққа кірісті.
Сұлтан Сыйық ұранды
Наушаға кетті ел еріп,
Алты жүз адам бөлініп.
Қылмайсың деп айтқанды,
Кейін қалды шегініп.
Үш жүз кісі Беріштер
Исатайға бұл еріп.
Батыр туған Исатай
Өз-өзінен желігіп.
Ақсұр атқа оқ тиіп,
Ақтобық атқа мінген соң
Игерді қолды ұршықтай.
Түтіндеген шаң шықты-ай,
Тал түсте түсіп ұрысқа,
Исатай батыр қырсықты-ай.
Ұзамай-ақ ұрыстан
Ырсалы мен Қалдыбай
Екі батыр тең өлді-ай.
Бұлар өліп қалған соң
Бақсыз туған Байұлы
Дулап қашып жөнелді-ай.
Қолы қашып кеткен соң
Бұрынғыдай болмады.
Белдігіне оқ тиіп,
Ат үстінен қозғалды.
Қайратты туған арыстан
Тарқамай кетті арманы.
Сол уақытта арыстаным
Қырықтан асқан жасында,
Қайдақы бөрік басында,
Ақбалдақ белдік белінде.
Арғы атасы Ағатай,
Бергі атасын сұрасаң,
Есдәулет пен Шағатай.
Өзінің атын сұрасаң,
Батыр туған Исатай.
Інісінің атын сұрасаң,
Ырсалы мен Қалдыбай.
Мінді Науша атына-ай,
Ықпалы жүрген Наушаның
Талабы бар заманда
Әли арыстандай батыр-ай.
Бекетай құмның белесі
Түтіндеген шаң болды-ай.
Аллалаған дауысқа
Жер сілкініп қозғалды-ай.
Ашқан аузы Наушаның
Ат-тонымен сыйғандай.
Маңдайында жалғыз көз
Көл өртеніп жанғандай.
Бұндай істі көргенде
Зәресі жаудың қалмады-ай.
Бас қамын қылып жау қашты,
Қарсыласар жан қалмай,
Исатайды тұрмастай
Шернияздың толғауы,
Толғау сөздің болғаны.
 
Шернияз Жарылғасұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *