Сөз сөйлейін бөлмелеп,
Әр нұсқадан термелеп.
Сөйлеген сайын кетеді
Қызыл тілім өрмелеп.
Өлген адам тірілмес,
Әркімге келер бір кезек.
Құлағың сал да тыңдап қал,
Қалағаның сөз болса.
Сөйлемей қалар деп пе едің,
Біздің тұқым елбезек.
Асылдарға ой керек,
Шығаруға сой керек.
Жиырма бестің күнінде
Бозбалаға той керек.
Әр нәрсенің жөні бар,
Сұлу қызға бой керек.
Жұрт теңгеріп тұруға
Әділ төре хан керек.
Ханның көркін сұрасаң,
Қара орман ел керек.
Жұрт жабылып ішетін
Айдын шалқар көл керек.
Көл жағалай қонуға
Көк орай шалғын жер керек.
Ел шетіне жау келсе,
Көк бөрідей ер керек.
Ер астына мінетін
Бәйгі бермес сұр керек.
Ұзақшыл тарлан, тал мықын,
Қысқа мойын сұркөжек.
Ертеден шапса, кешке озған,
ЬІлдидан салса төске озған.
Аттан аттың несі кем
Өзі тарланкөк болса.
Ерден ердің несі кем,
Айтқан сөзіне берік болса.
Хандардан ханның несі кем
Халыққа әділ ерік болса.
Жалы кетсе мойнынан
Арғымақ ат шаба алмас.
Нардан туған жампозға
Арыса кірей сала алмас.
Көмексіз болса ер жігіт
Жалғыз теңдік ала алмас.
Жалғыздық ісі оңалмас,
Көптің ісі жоғалмас.
Асыл сойдың баласы
Тартысқан жерде сөз табар.
Айқын-айқын жүйрік бар,
Бауырын жазып бір шабар.
Азып туған жаманды
Түйе үстінен ит қабар.
Екі сырттан ит болса,
Қой алдырмас қорадан.
Екі жігіт тең болса,
Ат жібермес арадан.
Қарындастың қам-жөнін
Қарап жүрер даладан.
Замана келді қырыннан,
Қамыңды жер бұрыннан.
Бұрынғы заман билерде
Азған бар ма еді бұзылған?
Сөйлеп жүрген тіл мен жақ
Құр қалдырмай ырымнан.
Бәрімізге ай ортақ,
Қайырлы болса бай ортақ.
Жақсы болса би ортақ,
Көп жасаған көне ортақ.
Жаман адам не керек,
Жақсының елге бәрі ортақ.
Ел жабылып ішуге
Айдын шалқар көл ортақ.
Нәсіркедей бүгіліп,
Шалқалай туса ай ортақ.
Ай батқан соң күн ортақ,
Күн батқан соң түн ортақ.
Алдыңғы өскен ағаға
Жақсы болса іні ортақ.
Жаман болса кім ортақ,
Сөз тыңдауға мен ортақ.
Ай, жігіттер, жігіттер,
Жердің жүзін қарасаң,
Мұнша неге кең болған?
Жеті мүше денеміз
Бір-біріне тең болған.
Төрт аяқты айуандар
Неге адамнан кем болған?
Жарық үшін күн болған,
Тыным үшін түн болған.
Тамашалап қарасаң,
Ай мен жұлдыз, күн мен түн,
Орман, тоғай, от пен су,
Таң тамаша кім қылған?
Құрт-құмырысқа, ұшқан құс
Бұл да басқа түр болған.
Асқар, асқар, асқар тау,
Етегінен балапан
Басына шарлап шыға алмас,
Бауырынан күзен ін қаза алмас.
Сұңқардан сұлу құс болмас,
Жүні қатпай ұша алмас.
Бидайықтан алғыр құс болмас,
Бағуы жайлы болмаса,
Ең игісі түк те алмас.
Ағайынның ішінде
Бір жақсысы бар болса,
Түртіп оны көре алмас.
Сол жақсы қолдан кеткен соң
Басқа қиын іс түссе,
Ел қыдырып таба алмас.
Асқардан ұшқан су бүркіт
Еділдің аңын ала алмас.
Өліп жатқан сұңқардың
Жүніне қарға қона алмас.
Қаумалаған көп жаман
Бір жақсыдай бола алмас.
Басыңнан ұшса дәулетің
Айналып қайта оралмас.
Жақсысынан айырылса,
Құр жамандар оңбайды.
Аңдып жүрген дұшпаны
Қанатын тігіп қомдайды.
Болжалды күн болған соң,
Батпансыған бай да өлер.
Зулап өтер басыңнан
Баяны жоқ дүниялар.
Болжалды күн болған соң,
Дүниядан өтпей кім қалған
Батыр өткен шабынған,
Жүйрік өткен шабылған.
Кербез өткен тағынған,
Сұлу өткен жағынған.
Не жайсаңдар өтпеген,
Озған жүйрік табынған.
Неше шешен, ақындар,
Жау жүректі батырлар
Жас басынан қағынған!
Шалқыған заман бар еді,
Іздегенің табылған.
Малдан есеп берген соң,
Шыр айналып жүрген соң,
Аузы ала Алашым
Сол күндерді сағынған.
Шернияз Жарылғасұлы