ТОЛҒА ДЕСЕҢ ТОЛҒАЙЫН

 
Айдан жарық нәрсе жоқ,
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Күннен жарық нәрсе жоқ,
Күндіз бар да, түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде бар да, дінде жоқ.
Көшпелі дәулет, көп зейнет
Бірде бар да, бірде жоқ.
Айта берсе қара өлең
Бес-алты ауыз кімде жоқ.
Бұл сөзімнің ішінде
Алтын да бар, мыс та бар.
Айтқан сөзге түспейтін
Ақылы келте қысқа бар.
Осылай деп жырауың,
Сөздің жөнін нұсқалар.
Сөйле, сөйле, қызыл тіл,
Бір күні солып қаларсың.
Ажал жетіп өлген соң,
Сөйлеуіңнен танарсың.
Ажал жетпей тұрғанда
Жанып тұрған фанарсың.
Біз бір ұшқан қаршыға,
Қырменен түлкі шаларсың.
Қызметіңді өзің біл,
Бізден көп сөз аларсың.
Жиналып келген жақсылар,
Жыраудың күйін білмесең
Жаманға таба қыларсың.
Бір азырақ сөйлейін,
Лұқсат болса ағадан.
Көкше мұздың үстінде
Ат таймайды тағадан.
Талайдан бері сөйледім,
Алған жоқ ешкім жағадан.
Толға десең толғайын,
Толықсытып қозғайын.
Қабат-қабат жел сөзім,
Қайыңға біткен доздайын.
Таусылатын нәрсе емес,
Сүйекке біткен сондайын.
Белгілі жүйрік білінер,
Күдерден-күдер асқанда.
Ер қайраты сыналар,
Жау түндігін ашқанда,
Үстінен дұшпан басқанда.
Жалаңаш бар да жауға ти,
Жан шықпайды мезгілсіз,
Қоймайды өлім қашсаң да.
Есіктің алды арайна,
Арайнадан не пайда
Көруге көркі болмаса?
Көрікті баудан не пайда,
Ысыған күнде болмаса?
Ағынды судан не пайда
Шөліңе сусар болмаса?
Ұзын жолдан не пайда
Адасқан күнде болмаса?
Жақсылықтан не пайда
Мархабаты болмаса?
Жақсыменен сөз байла,
Өтіп кетер сұм дүния,
Ақылың болса мұны ойла!
Кәрі болмас көн болар,
Көл суалса шөл болар.
Қаса батыр қартайса
Қырық қадам жер мұң болар.
Аспан көркі жер болар,
Жердің көркі ел болар.
Елдің көркін сұрасаң,
Тоғай толы мал болар.
Малдың көркін сұрасаң,
Алпыс түрлі жоңышқа
Жерге біткен дөң болар.
Бір тентектің тілінен
Екі ағайын жау болар.
Арқадан соққан ақ боран
Малдың есін кетірер.
Құбыладан соққан қызыл жел
Қардың есін кетірер.
Аламаны көп болса
Ханның есін кетірер.
Жалғыздық пен жаяулық
Ердің есін кетірер.
Алқалы дуға түскенде
Сонда шерім шешілер.
Жалғыздық түсіп басына,
Кедейлік келіп қасына
Қор болып отыр есіл ер!
 
Шернияз Жарылғасұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *