СӨЙЛЕ ДЕСЕҢ СӨЙЛЕЙІН

Байшеркеш болысқа айтқаны
– Уа, аламан, аламан!
Айт десең ойлап аламын.
Мен шежіре туған жүйрікпін,
Қай базардан қаламын.
Сендер сөйле деген соң,
Аулыңда қиқу саламын.
Қос өкпемнен оқ тиді,
Ішім толған қара қан.
Ішімдегі дертімді
Қозғайын деп барамын.
Алдымда тұрған, ағалар,
Осы сөзді айтайын
Іштегі жатқан сарайдан.
Бұрынғыдай жақсы жоқ,
Бүгіндегі пенденің
Көкірегі қарайған.
Өлі айырылып өліден,
Тірі айырылып тіріден,
Осы күнде байқасам
Мүсәпір ел жоқ Малайдан.
Қолда жақсым барында,
Қызыл тілмен жанасып
Жолды алғанмын талайдан.
Қолымнан жақсым кеткен соң,
Қайсысы мені таныр деп
Бетіне жалтақ қараймын.
Арғы атам Малай сұрасаң,
Күнінде болған ер еді.
Жарылғас, Шумақ сұрасаң,
Дуадақ ұшқан төбе еді.
Шерекемді сұрасаң,
Алдымда асқар бел еді,
Шалқып жатқан көл еді.
Маған сеніп, ағалар,
Босқа қалып жүрмеңіз.
Хақтан бұйрық келген күн
Көл суалар деп еді.
Көкірегінде ақылы
Ғалым байтақ көп еді.
Көптігінің белгісі
Екі талай болғанда,
Алыс-жақын демеді.
Нашардың қамын жеп еді,
Айтқаны келді ақыры
Әулиенің соңы еді.
Әулие демей не дейін,
Азын көпке теңеді.
Шерекемді былай қояйын,
Өтебалы кімнен кем еді?!
Азуын басып шайнаған,
Дұшпанға жауап сайлаған.
Қарсыласып келгенде,
Хан, төреден таймаған.
Жауаптасып тілдессе,
Қызыл тілмен байлаған.
Солардың тірі күнінде
Өтекеммен егесіп,
Қай дұшпаның ойнаған!
Алла берген дәулетке
Қайсы пенде тоймаған.
Басымның бүтін күнінде
Надандықпен көп жүрдім,
Дүнияның жалғанын
Жырауың жаңа ойлаған,
Ойлаған соң толғаған.
Көрмегенін көрген соң,
Аруананың баласы
Үйірін жоқтап боздаған.
Неғылайын боздамай,
Тірі айырылдым маядан.
Айырылған соң солардан
Жар етіп жәрдем тілеймін,
Жасаған жаппар Алладан.
Алла кәрін тіккен соң,
Өлмей адам қалмаған.
Тез құрықты салған соң,
Мен-дағы жоқты қармаған.
Ақ киіктей суырылып,
Мен сөйлесем тіл кетер.
Менің айтқан сөзімді
Кейінгі бала үлгі етер.
Бір төбенің басына,
Бір моланың қасына
Қоя салса бір күні
Басыңнан шулап дүния өтер,
Қасыңнан шулап құр кетер.
Шеберлерден мін қалған,
Шешендерден тіл қалған.
Болжаулы күнің біткен соң
Жалған дүния тұл қалған,
Дүниядан өзге кім қалған?!
Сөйле десе кей жаман
Бойын бағып бұлданған.
Неге керек жігітке
Ондай ақыл қолданған.
Ағалардың алдында
Қызыл тілім сөйлей гөр,
Бозжорға аттай ырғалған.
Бір сөйлейін алдыңда,
Атаның жаман баласы,
Осындай керме кез келсе,
Сыбағадан құр қалған.
Атаның жаман баласы,
Алды-артыңа қарашы.
Бастың бүтін күнінде
Бұл қазақтың бар ма еді
Қызыл тілмен таласы.
Бір Аллаға аян-ақ
Жаман-жақсы арасы.
Қорашсынып көзіне
Көрінемін шамасы.
Жыламай қалай шыдайын,
Ұнамайды көзіме
Хәкімдердің қарасы.
Көңілімдегі күдікті
Айтпай қайтып тынайын.
Қазақ болсаң былайғы
Қалар едім ұстасып,
Халық иесі хәкімсің,
Оған не амал қылайын?
Сөйле десең сөйлейін,
Байшеркеш, тыңда, дарханнан.
Туысқаннан айырылып
Қалып едім алқадан.
Сені сүйеп арқама-ай,
Болар ма деп қалқан-ай.
Бар сенгенім сен болсаң,
Біздің елді қылыпсың
Жау шапқандай талқан-ай.
Бүйте берсең әрдайым
Жоғалармын бір күні
Керегімді арқалай.
Жүр едім сырттан сынап-ай,
Істерің отыр ұнамай.
Ағыл-тегіл келемін
Иін тіресіп құламай.
Енді оңалмас деп пе едің,
Бәйгіден келген құланы-ай.
Еңіреп отыр ауылда
Қатын-бала жылап-ай.
Қатын-бала көз жасы
Аңғарып тұрсақ болысым,
Мойнына кімнің болады-ай.
Бұл қылығың қоймасаң
Бір күні жалғыз қаларсың,
Жапандағы моладай,
Жаныңа адам жоламай.
Неге қойдың, Байшеркеш,
Нашарды мұнша жылатып.
Жылатқанды жүрмісің,
Шыныменен ұнатып.
Мен сөйлеймін алдыңда,
Шер-шерменді жұбатып.
Тыңда сөзін, болысым,
Шежіре туған дананың.
Парқын неге білмейсің,
Харам менен халалдың?!
Нашарды мұнша жылатып,
Алдына келсе қайтесің
Әлпештеген балаңның?!
Істеген ісің ұнамай,
Келтіріп тұр жынымды.
Бетке айтамын мініңді.
Бетке айта алмас деп пе едің,
Шежіре туған ініңді.
Шыныменен кейітсең,
Оязға ұстап берсең де
Мініңді бетке айттың деп,
Кесе алмассың тілімді!
 
Шернияз Жарылғасұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *