ЕРЕУЛІ АТҚА ЕР САЛМАЙ «ИСАТАЙ-МАХАМБЕТ» ЖИНАҒЫНАН

 
1837-жылы жеді жұлдызының 12-сінен 13-не қараған
түні Исатай мен Махамбет Жайықты жарып өткен соң,
қасындағы қырық жолдасымен далаға қонады. Күн суық,
боран екен. Ертемен тұрса, батырлар қар астында тоңып
қалған екен. Сол заманда Бөкейлік қазақтары едәуір
тәрбиялы екен. Жұрттың көбі қысты күні ағаштан, не
тастан салған жылы үйге, күнде ішетін шайға үйреніп
қалған екен. Етіктің орнына елдің бірқатары кебіс-мәсі
киеді екен.
Далаға қонып, тоңып тұрған жігіттердің көбі жылы
үйді, жұмсақ төсекті, қызыл шайды жоқтайды.
Сонда Исатай айтыпты-мыс: «Ай, жігіттер! Қазақ
жұртына сәлем айтыңыз! Ел болам десе – құс төсек
төсенбесін, шай ішпесін, қималы етік кимесін», – деп.
Қималы етік деп кебіс-мәсіні айтқан. Сол уақытта Махамбет батыр мына өлеңді айтып, жолдастарын жұбатқан:
Ереулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңкейіңкі жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?!
 
Махамбет Өтемісұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *