Айналайын, Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда,
Еңісі биік боз орда,
Еңкейе кірер күн қайда!
Қара бұлан терісін,
Етік қылар күн қайда!
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда!
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда!
Толғамалы ақ балтаны,
Толғап ұстар күн қайда!
Алты құлаш ақ найза,
Ұсынып шаншар күн қайда!
Садақ толған сайгез оқ,
Масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп,
Созып тартар күн қайда.
Кетбұғыдай билерден,
Кеңес сұрар күн қайда.
Еділдің бойын ел жайлап,
Шалғынына бие біз байлап,
Орындықтай қара сабадан,
Бозбаламен күліп-ойнап,
Қымыз ішер күн қайда!
Махамбет Өтемісұлы