Қазағым, көтер басың, жатпа бекер,
Ғұмырыңыз, жатумен босқа өтер.
Көтерер, басыңызды уақыт жетті,
Ілгеріде ұмтылысып талап өтер.
Біздерден басқа халық алға кетті,
Ойласақ бұл надандық түпке жетті.
Жан-жаққа бас көтеріп көзіңді сал,
Басқалар бізден бүтін не іс етті.
Біз қалдық айдалада бекер жатып,
Баһра алмай ғылымдықтың дәмін татып.
Көз салмай басқалардың қалыбына
Қайқиып бір орында қалдық қатып.
Медресе, мешіт деген біздерде жоқ,
Іш күйіп, қайғыменен болады шоқ.
Басқа жұрт мектеп салып, өнер алды,
Пайдалы қазақта іс жоқ көңілге тоқ.
Залалы болмас еді бала оқытсақ,
Орысша, мұсылманша таза оқытсақ.
Аштыққа көз қызартып кіріскенше,
Ғылымның етегінен мықтап тұтсақ.
Қаруы тарихтың ғылымлікте,
Ұмтылмай біз бөліндік жатып текке.
Ғасырдың жиырмасыншы балалары
Халқымыз кірер ме екен біздің ретке.
Хамза Бекмұқамбетов