ЕКІ ҚАЗ

Көліме былтыр ерте қонып ең, екі қаз,
Көлімнің бетін күлімсіреткен екі қаз,
Кешіктіңдер ғой, сыңайы салқын аспанның,
Жылым сулардың болғаныменен беті жаз.
Кешігіп биыл талықсып ұшып келгенде
Тәнті етер сыйлық таба алмай жүрмін сендерге.
Көк құрақтарын көп орып едік өткен жаз,
Қарсы алар ма екен жатырқап жайдақ көлдер де?
Көк аспаныңның кеңістігіне тайғанап,
Аққуларменен араласып кел ай қабақ.
Жалаңаш көлдерді айналып өтіп қаңқылда,
Қаңқылдаңдаршы, қоны
сым менің қайдалап.
* * *
(Ғ. Қайырбековке)
Екі-үш үй көшті ме екен Дүбірдегі,
Екі ши өсті ме екен түбірлері?..
Желпініп бір өте ме қырат-қырды
Жәннат леп, жұп-жұмсақ жел іңірдегі?..
Жалғыз бұлт көкжиекте қосақталмай,
Жалғыздық жан жүйесін босатқандай.
Жібісе желпи соққан қияңқы жел,
Шайқай ма шалғындағы шашақтардай?..
Елгезек есіле ме ерке бұлақ,
Еңістен көсіле ме ерте құлап?..
Ертерек тілі шыққан бұлақтардың
Бал мезгіл балалығы келте бірақ.
 
Шайқалып шарбы бұлттар сейіле ме,
Шайпау жел ауады екен ойы неге?..
Екі-үш үй төбесіне бұлт айналып,
Иіп бір берер аспан пейілі – ене.
Екі-үш үй қарақұрым туырлығы,
Тұр ма екен тарқатылмай уық жібі?..
Жүр ме екен бәйек болып бәйбіше – әже
Пісіріп соңғы сауған иіндіні?..
…Екі-үш үй көшті ме екен Дүбірдегі,
Екі ши өсті ме екен түбірлері?..
Көшкенде өскен шығар, қараша қос
Қайда екен бірді-екілі жүгірмегі?..
Жайқалып алуан тамыр гүл ашқанда,
Шайқалып бала бұлақ қыр асқанда,
Найқалып өскен шидің ортасынан
Шаншыла ұшса бір құс ніл аспанға…
* * *
Жарқыным-ау, махаббат өрт екен ғой,
Мерт етердей адамды дерт екен ғой.
Он жетіде үйлену ерте екен ғой,
Жарқыным-ау, махаббат жалқы екен ғой.
Жарқыным-ау, махаббат жалқы екен ғой,
Шын ғашықтар зар болу салты екен ғой.
Он жетіде қол жетпеу ойлағанға
Махаббаттың мәңгілік нарқы екен ғой.
 
Жарқыным-ау, махаббат мұң екен ғой,
У екен ғой не зәмзәм су екен ғой.
Он жеті жас өзі емес махаббаттың,
Маңайында естілген шуы екен ғой.
Шуылымен, шуымен алдамаған
Ақ махаббат бары рас, шын екен ғой.

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *